Аталған шара ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультетінің 1 курс студенттерінің «Тұлға мен Мұра» атты тарихи оқиғаға негізделген әсерлі қойылымымен ашылды. Қойылымда қалмақ ханына өжет те өткір сөзімен дес бермеген Қазыбек Келдібекұлының тұлғалық болмысы шебер бейнеленді. Оқушылар Қазыбек бидің нақыл сөздерін жатқа оқыса, кештің құрметті қонағы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов пен «Farab» кітапханасының директоры Ж.Шардарбекова құттықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде Жарқынбек ағамыз Қазыбек би бабамыздың Орта жүздің не Қаракесектің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы, абыройы екенін айта келіп, бабамыздың Сыр бойында, дәлірек айтқанда, Түркістан аумағында дүниеге келгені жайлы ерекше мағұлматты ортаға салды. Сөзінің соңын «Қазыбек би бабамыздың әрбір сөзі адамға өмірлік азық» – деп түйіндеді Ж.Құлбайымбетов.

Шара барысында кешке қатысушы қонақтармен сұхбат жасалып, көрерменге көгілдір экран арқылы қаламыздағы би атына берілген мектеп пен ескерткіш жайлы шағын бейнежазба көрсетілді.

Айтулы тұлғаны ұлықтауға арналған шара соңында кәсіпкер Баймахан Сүлейменов кітапхананың алтын қорына «Қаз дауысты Қазыбек» энциклопедиясын сыйға тартты. Сонымен қатар, «ашық микрофон» айдары ұйымдастырылып, көрермендердің пікірлері тыңдалды.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
