«СӨЗ ТҮЗЕЛДІ, ТЫҢДАУШЫ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ!»

1  155 көрілім

Дін  мен дәстүр – қазақ танымында бір арнаға тоғысып, бір өзекке жалғанған егіз ұғым. Қазақтың мәдениеті мен әдеп-ғұрпын қаймағы бұзылмаған қалыпта келер заманға, бұқара жұртқа ұсыну ең маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда, Рамазан айының шуақты күнінде Түркістан қаласының бас имамы М.Жұмадуллаевтың ұйымдастыруымен өткен «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» атты семинардың салмағы орасан екенін айтқанымыз жөн. Кесенеден басталып, Ұлы дала елі орталығындағы келелі кеңеске ұласқан шарада дін мен дәстүрді дәріптеуде еңбек сіңіріп жүрген қаламыздың имамдары мен өңірімізге белгілі өнерпаздар, асабалар мен ақындар тұжымды ой, татымды пікір айтты.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - 1649421221-b71146b256086bb697d16ea56648d829-1024x576.jpg

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-санамызды жаңғыртуды көздеген айтулы шара жайында қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлының пікірін тыңдап көрдік.

         – Бұл семинар ҚМДБ «Дін мен Дәстүр» бағыты бойынша қазақ халқының рухани, мәдени құндылықтарын, жетістіктерін келер ұрпаққа насихаттау, үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Семинарға облыс ақындары, асабалар мен өнерпаздар қатысып отыр – дейді ол.  Айтуынша, қазіргі жастар тәрбиесінде кететін олқылықтардың бәрі  өз қателіктеріміздің салдарынан орын алады. Әсіресе, жанұядағы тәрбиеден бөлек асабалар тойда жұртты таңқалдыру үшін тұрпайы ойындар жүргізіп, дінге де, дәстүрге де қарсы келетін сөздер айтып жатады. Қаламыздың бас имамы осындай даңғойлыққа жеткізген дүниелердің дұрыс емес екендігіне бұқараның қақ ортасында жүрген азаматтардың назарын аудартуға күш салғысы келетінін жеткізді.

«Асабаның ізденісі мықты болса….»

         Хәкім Абайдың сөзін ұран қылған басқосудың құрметті қонақтары да бірнеше мәселелерді шетін шығарып, оларды шешу жолдарын ұсынып көрді. Қазақтың азулы ақыны, алтын домбыра иегері Бекарыс Шойбеков өз кезегінде той басқарып жүрген асаба, өнерпаздардың халықпен тығыз байланыста болу арқылы рухани деңгейімізді арттыру үшін зор үлес қосуы тиіс екеніне тоқталды. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, кейбір асабалардың той басқарғаны ел-жұртты есінен тандырып, небір сұмдықтарды, көруге төзгісіз көріністерді насихаттап жатқанына налыды.

         – Асабалардың ізденісі мықты болса, кез келген орта, кез келген адам  қазақтың құнарлы сөзінен ләззат ала алады, – деп қорытты айтыскер ақын.

«Ата-бабаларымыз әдемі сөзге емес, әділ сөзге тоқтаған»

Игілікті жиын барысында жиналған қауым  облыстың бас имамы Е.Қарақұловтан күнделікті қолданатын күдікті сөздердің дініміздегі дұрыстығы қалай болатынын сұрады. Бас имамның сөзінше, әр адам аузынан шыққан сөздің жауапкершілігін арқалап, оған аса мән бере білу керек.  Той-жиындарда айтқан сөзі әсерлі, салмақты болуы үшін асабалардың «Құранда айтылғандай» деп сенімді сөйлеп, артық кетіп жататынын атап өтті.

– Ата-бабаларымыз әдемі сөзге емес, әділ сөзге тоқтаған. Сондықтан айтқан сөзіміздің анық-қанығына көз жеткізіп барып халыққа ұсынған жөн. Асабаларды тыңдаушы аудитория үлкен ғой. Жиын болсын, той болсын кемі 50-60 адамнан бастап, 1000 адамға дейінгі аудиторияны басқарасыздар. Ол дегеніңіз, орта есеппен бір үлкен мешіттің жамағаты. Имамдар 35-40 минут уағыз айтса, сіздер 4-5 сағат бойы жиылған топты игеріп отырасыздар. Осы орайда, сөз сөйлер кезде діни наным-сенім мен дәстүр принциптерін сақтай отырсаңыздар деп айтқым келеді, – деді ол.  Еркін пікір алаңына айналған кеңесте Е.Қарақұлов сүндеттойларда, қазада, күнделікті мерекелерде  жиі айтылатын «Мұсылман болғаны құтты болсын!», «Аллаға да жақсы адам керек», «Тілегің періштенің құлағына шалынсын!» деген секілді тілектердің қате қолданыс екенін ескертіп, оған балама болатын дұрыс сөздерді халыққа  насихаттауды өтінді.

Игілікті шарада  Шымкент шаһарынан келген айтыскер ақындардың ішінде Біржан Байтуовтың айтқан пікірі де өзекті болды. Ақын қазіргі тойларда кететін кемшіліктерді мысалға келтіре отыра, көпшілік алдында асабалар мен өнерпаздардың қандай маңызы барына тоқталды.

 – Тойдан табатын табыс үшін кейде асабалар халықтың алдына түсіп, ығына жығылып жатады. Осындай жағдайлардың кесірінен асабаның деңгейін түсіретін даурықпа сөз, даңғаза ойындар көбейіп жатыр, – дейді ол.

Кеңестің құрметті қонағы болған ақсақалдар мен ел ағалары да жастар тәрбиесіне қатысты жақсы дүниелерді сөз етті. Дәлірек айтсақ, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Құлбайымбетов шараның маңызына тоқтала келе, қаламыздың рухани дамуына үлес қосу үшін осындай жиындарды көбірек өткізу керегін жеткізді. Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын ағамыз Түркістан шаһарының арақ-шараптан ада, таза қала болатынына сенім білдіріп, қасиетті Рамазан айында жасалған шарадан алған әсерімен бөлісті.

– Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы. Осыған орай, Түркістанда өткізілетін той мен жиындар атымызға сай болу керек. Бұл ретте біз, облыстық ақсақалдар алқасы «Түркістанды арақсыз қалаға айналдырайық!» деген ұранмен үндеу жариялаған болатынбыз. Нәтижесінде үндеуіміз халыққа жетіп, біршама супермаркет пен дүкендер спирттік сусындарды сатудан бас тартты. Қаланың бас имамының ұйымдастыруымен, өнер адамдарының қатысуымен өткізіліп жатқан шара көпке үлгі. Қазіргі таңда тойға бара қалсаңыз, күлдіремін деп бүлдіретін асабалар аз емес. Шектен шыққан салт-дәстүрімізге жат ойындар ойнатып, осындай олқылықтар орын алып жатады. «Той – халықтың қазынасы» демей ме,  жасы мен кәрісі бір дастарханда тоғысатын жиынның  асабасы оқыған, көшелі азамат болуы шарт. Біліктілікті арттырып, топта сөз бастайтын ас ағаларына мұндай жиындарды жиі өткізіп тұруымыз керек – деді Ж.Әзіретбергенов.

Жақсы істің ұйытқысы боп, жиылған көпшіліктің санасына сәуле құйған семинардың бірінші бөлімі ақсақалдардың ақ батасымен аяқталды. Екінші бөлімде ел азаматтары ұйымдастырған ақ дастарханнан ауыз ашып, қатысушылар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады. Дастархан басында ән-жырдан шашу шашылып, ақындар айтысты. Жарапазан айтылып, одан түскен қаржы үйі өртеніп, екі бірдей қарлығашы қаза болған Сауран ауданындағы қаралы жанұяға жәрдем ретінде жұмсалатын болды.

Тағылымы мол, тамаша шараның үшінші бөлімінде өнер адамдары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде Кентау қаласынан келген өнерпаздар бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды Түркістан қаласының асабалары иеленді.

Осы орайда, біздің газет ұжымы бастаған шығармашылық топ үшінші орынға қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сайыстан соң қатысушылар демеушілердің жайған дастарханынан дәм татып, ауыз бекітті. Қонақтар достық пен бірлікті ту еткен киелі айдағы келелі кеңеске өз ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Есіңізге сала кетейік, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» тақырыбында өткен арнайы семинарға имамдар мен өңірімізге белгілі асабалар, ақындар, өнерпаздар қатысқан болатын. Осы орайда, «Түркістан» газеті шарада көтерілген мәселелерге байланысты ұсыныстарын назарларыңызға ұсынбақ. Толығырақ айтсақ, той мәдениетін, сөз әдебін қалыптастыру мақсатын көздеген кеңестен соң асабаларға арналған арнайы әдістемелік жинақ құрастырылып, жұртшылық үшін дінімізде дұрыстығы мақұлданған бата-тілектер жинағы жарық көрсе нұр үстіне нұр болар еді. Сөз соңында халқымыздың мәдениеті мен әдебін қастерлеуді ұран еткен шаралар жалғасын таба берсін деп тілейміз.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - 1649421232-4b0fdc82d19680c03943e42ba2c371e4-1024x576.jpg

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы