СЫРЛЫГҮЛ АПАМЕН ӨТКЕН СЫРЛЫ КЕЗДЕСУ

1  091 көрілім

Еліміздің әлемдік өркениетке жетудегі бір дара жолы – білім саласы. Білімнің бастауы мектептен басталады. Мектеп балаға біліммен қоса тәрбие де береді

Түркістан қаласының 28 мектеп-лицейінде саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі «Бейсенбілік әңгіме» атты тағылымды жоба. Аты айтылып отырғандай әр бейсенбіде оқушылармен жүздесуге еліне еңбегі сіңген елеулі жандар шақырылады. Кезекті жобаның қонағы Бокстан 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы, Түркістанның ғана емес еліміздің мақтанышы болған аяулы азамат Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова анамызбен дидарластық.

Тәлімге толы іс шараны мектеп директоры Ләззәт Жәнәліқызы ашып, Бекзаттай ұл туып, өсірген Сырлыгүл анамызға алғысын айтты. Қазақтың батыр ұлына бой түзеп өсіп келе жатқан оқушыларға  бұл кештің берер тәрбиесіне тоқталып өтті.

Кеш қонағы Сырлыкүл Саттархановаға оқушылар мен ұстаздар тарапынан Бекзатқа қатысты сұрақтар қойылды.  Сұрақтарға жауап берген Сырлыгүл апа Бекзаттың боксқа келген кезін, қайсарлығы мен салмақтығын, адамгершілігі жайында сыр шертіп, естеліктерімен  бөлісті.

Оқушылар Бекзат ағаларына арнап өз туындыларын оқыды, апамызға ән арнады. Бекзаттың өмірінен бейнебаяндар көрсетілді.

Сырлыгүл апа, балаларына Бекзаттай батыр, елінің атын шығарар ұл-қыздары болыңдар деп батасын берді.

Қазақ салтымен  Ләззәт Жәнәліқызы Сырлыгүл апаның иығына шапан жауып, қошемет көрсетті.

Бекзат тірі болғанда осы сәуір айында 42 жасқа толар еді. Аққан жұлдыздай жарқ етіп, өмірден өткенімен,  артында елі еске аларлықтай жеңісі қалды. Киелі Түркістан өңірі Бекзаттай бекзада ұлын ешқашан жадынан өшірмек емес!

                                                                                       Эльмира АРТЫҚБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы