ӨЗ ЕЛІНІҢ ЕРТЕҢІНЕ СЕНБЕГЕН ХАЛЫҚ МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРА АЛМАЙДЫ

792 көрілім

Мықты мемлекет қалыптастыру бір күндік немесе бір жылдық  жұмыс емес. Және мықты мемлекетті қалыптастыру бір адамның мойнына артылған жұмыс болып табылмайтындығын біз жақсы түсінеміз. Дамыған әрі өркениетті мемлекетті құру жолында әрбір азамат  қоғам болып атсалысуға міндеттіміз. Мен денсаулық саласында 30 жылдан астам уақыт әртүрлі дәрежелерде қызмет атқарып келемін.                                               Санитариялық-эпидемиология саласының ыстығы мен суығына төзіп, бар күш-жігерімізді елге қызмет етуге арнадық.  Біздің бойымызда  еңбек ету, үлкендерден үйрену,  кішіге ізетті болу деген тәрбиенің  арқасында  өмірден көп нәрсені түйе білдік. Қазір аға буынға айналып, бар білгенімізді осы салаға келіп жатқан кейінгі жастарға үйретудеміз.  Әрине, бұрынғы кезең  мен қазіргі заманның айырмашылығы  жер мен көктей.

Басқа салаларды айтып, алшақтамай-ақ, медицина саласының оңды өзгерістері мен әлдеқайда алға дамығандығын көзбен көріп отырмыз. Ел болған соң арамызда әртүрлі пікір білдірушілер де жетерлік, әсіресе әлеуметтік желілерде ел басқарып отырған азаматтарға көңіл толмаушылық, өкпе-реніштерін білдірушілер де баршылық. Бірақ біз кешегіміз бен бүгінгі күнімізді салыстырып, ертеңгі болашаққа байыппен қарауды ұмытпағанымыз дұрыс сияқты. Асығыстық, алып-ұшу, беттен алып төске өрлеу біздің қасиетті қазақ даласына, қазақ ұлтына тән қасиет емес.  Қазақ халқы басқа түскен қиындықтарды сабырмен жеңе білген.  Мәселен,  пандемия кезі елді есеңгіретіп, қаншама азаматтарымыздан айырды.                                            Ел экономикасы тұралап, кәсіпкерлік саласы ауқымды шығындарға ұшырай бастады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшылары  жеткілікті дәрі-дәрмек қорымен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету жолында жан-жақты келісім-шарттар жасап, қыруар қаржылар бөлініп, шұғыл шешімдер қабылдады. Барлық  ведомоствалар Қазақстан азаматтарын қауіпті індеттен сақтауға жұмыс жасау үшін жұмылдырылды. Міне, бірліктің, сабырлықтың арқасында  пандемияны жеңіп келеміз. Коронавирус ауруының саябырсығанын  байқап отырсыздар.                                                             Дегенмен де, Президент  тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға қарсы шараларды атап өтіп,  2022 жылдың  наурыз айында қазақстандықтарға өз Жолдауын жасады. Халыққа жігер беріп, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

«Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады», – деді. Ел Үкіметі кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап, шағын және орта бизнестің дамуына бағытталған жүйелердің іске асырылуына кірісті. Қазақстан халқының болашағы жарқын, бірлігіміз мығым, халқымыз қауіпті індеттерден аман болсын!

Н.НЫШАНОВ, 

Түркістан облысының Бас мемлекеттік

анитариялық дәрігері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы