ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

1  367 көрілім

Облыс орталығында өткен жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, Түркістан қалалық Аналар кеңесінің мүшелері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, облысқа қарасты қала, аудандардағы Аналар кеңестерінің төрайымдары да осы жерден табылды.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова «Бүгінде біздің қоғамдағы аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан Аналар кеңесін құру елдігімізге тән, тарихи дәстүрімізбен тамырлас бастама болып табылады», – деп әрі қарай жиынды жүргізіп отырды.

Бұдан кейін Ордабасы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш пен Отырар аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күлзинат Әлмешованың жыл көлемінде атқарған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалды.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бөлімінің басшысы Лейла Төребекова өз сөзінде: «Қазақтану» деген жобаны іске асырғалы отырмыз. Бұл жобаны бастауға бір орыс келіншегінің:«Ауылға барып нағыз қазақы отбасының салт-дәстүрлерін үйренгім келеді» деген ойы ұйытқы болды. Шынында, ауылымызда қазақы ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйрететін аналарымыз, әжелеріміз бар емес пе? Осы бастаманы бастауға біркісідей атсалысайық»,-деген ұсынысын жеткізді.

Кеңес отырысы қызу пікір алмасуда өтті.

Сондай-ақ, отырыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылғандай, бірлік пен келісім секілді елдігіміздің тірегі болған құндылықтарды кеңінен насихаттау жайы қаралды.

Жиын соңында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболқызының бастамасымен республикалық «Мектепке жол!» акциясына өз үлестерін қосу мақсатында 10 ұл-қызға мектеп құралдары табысталды.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы