Түркістанда алғаш рет түркі тілдес халықтары өнерпаздарының басын қосқан ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің концерті өтеді. Салтанатты шара 27 тамыз күні «Жастар жылы» мен Түрік кеңесінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылмақ. Бұл туралы облыстық жастар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Жиын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге аспақ. Түркістанда түндігі түрілетін шара еліміздің Шымкент, Тараз, Алматы қалалары мен Қырғызстан және Әзірбайжан мемлекеттерінде жалғасын табатын болады.


«Концерттік турнеге өнерпаздар тыңғылықты дайындалуда. Оркестріміз құрылғаннан бері әлемнің біршама елінде болды. Алайда, өз елімізде мұндай турне ұйымдастырмаған едік. Биыл міне сәті түсіп отыр. 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы», қазір Елбасының шешімімен облыс орталығы болған көне қала – Түркістаннан бастап отырмыз. Бұл турне біз үшін туған еліміздегі алғашқы турымыз болады», – деген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ұйымдастырушы тарапқа да өз алғысын білдіріп, түркістандықтарды концертке шақырды.


Айта кетейік, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 27-ші тұрақты кеңесінің шешімімен құрылған ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестріне биыл 9 жыл толып отыр. Түркітілдес елдердің жетекші консерваторияларының талантты студенттері мен түлектерінен құралған топ, бүгінге дейін 30-дан астам Еуропа, Америка және Азия елдерінде 60-тан астам концерттер қойған. Қазіргі таңда халықаралық аренада өте танымал ұжымдардың біріне айналды. Бұл жолғы концерттік бағдарламада 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсетіп, Татарстаннан Ренат Салаватов, Қазақстаннан Анвар Акбаров, Әзірбайжаннан Мұстафа Мехмендаров сынды білікті мамандар дирижерлік етеді.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».
