Наурыз – көктем мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың басталуы. Ғасырлық тарихы бар наурыз мейрамы түркі тектес халықтар үшін де бес мың жылдан астам уақыттан бері атап өтіліп келе жатқан басты мереке. Наурыз – Орта Азия халықтарының жаңа жылы, ортақ мейрамы. 22 – наурызда күн мен түн теңеледі. Бұл күні аспан денелері бір жылдық циклден кейін бастапқы нүктелеріне келіп, жаңа жолды бастайды.
Наурыз сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Мереке кезінде тазалыққа көңіл бөлініп, мерекелік «Наурыз көже» әр өңірінде жеті түрлі дәммен дайындалады. Наурыз айында бір – бірімен көрісіп, қонаққа барып, мерекені ерекше тойлайды. Ал, Наурызды әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарымыз қалай атап өтеді? Осы жайлы кеңінен тоқталайын.
МАҢҒОЛИЯ
Аты – жөнім Ләйлім Қайрат, 1999 жылы 2 шілде де Маңғолияда туып-өстім. Маңғолияның қазақтары тұратын Баян-Өлгей аймағынан боламын. Қазақстанға 2018 жылы келдім, қазіргі таңда ХҚТУ университетінің 3-курс студентімін. Филология факультеті ағылшын және түрік тілі мамандығында білім алып жатырын.
Біздің ауылда наурыз ерекше аталып өтеді. Өйткені, Баян-Өлгей аймағында Маңғолиялық қазақтардың ең көп шоғырланған аймағы ретінде белгілі. Дәлірек айтқанда отыз мыңнан астам қазақ бар. Біздің аймақта наурыз мерекесін үш күн тойлайды. Бұл күндері қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша барлығы бір – біріне денсаулық пен жақсылық тілей отырып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп бата беріп, қонақтар түрлі ұлттық тағамдардан дәм татады.
21-наурыздан бастап ауылдағы әрбір үй Наурыз мейрамына арнайы наурыз көже дайындайды. Наурыз көжеден дәм татуға келген қонақтарға әртүрлі ұлттық тағамдар жасалып, дастархан жайылады. Біздің аймақтағы ерекшеліктің бірі ауыл тұрғындары бір-бірін танымаса да үйлеріне кіріп, наурыз көжеден дәм татып, ерлер төс қағысып, әйелдер қол алысып көріседі. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бата беруге келген үлкен қарияларға арнайы қыстық соғымнан қалған сүр ет, қойдың басын ұсынады. Мерекелік көңіл күй сыйлау үшін ауыл ішінде ер кісілер шапан кисе, ал әйелдер қауымы ұлттық нақыштағы әшекей-бұйымдарын тағып, ұлттық киімдерін киеді.
Ұлттық мерекенің екінші күнінде яғни 22-наурызда Баян – Өлгей аймағының орталық алаңында жәрмеңке ұйымдастырылады. Алаңға 10-15 шақты киіз үйлер тігіледі. Әр киіз үйдің ішінде Баян-Өлгей аймағына кіретін 12 ауыл наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлерімен таныстырады. Арнайы дайындап алып келген ұлттық тағамдар қойылады. Екінші бір киіз үйде жүн түту, қымыз пісу тәсілдерімен бөліседі. Сонымен қатар, аймақта арнайы көкпар, күрес, айтыс, ат жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар мен жүлделер тарту етіледі. Кейінгі кездері ұлттық ойындардан бөлек мерекеде жастар арасында арнайы баскетбол, валейбол ойындары да ұйымдастырылады. Кешке жақын орталық алаңда үлкен мерекелік концерт болады. Концертте Баян-Өлгей аймағының белгілі өнерпаздары өнер көрсетеді. Ұлттық би, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен халық әні орындалады. 22-наурызда Маңғолия президенті қазақтарды қазақ тілінде және моңғол тілінде Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап арнайы сөз сөйлейді.
ӨЗБЕКСТАН
Орынбасарова Әсел 2002 жылы қыркүйекте Өзбекстанның Ташкент қаласы, Бостандық ауданы, Думалық ауылында тудым. Қазақстанға 2021 жылы келдім. ХҚТУ-нің филология факультетінің 1-курс студентімін. Отбасымызбен Өзбекстан Республикасында тұрамыз.
Жалпы, Наурыз мерекесі түркі тектес халықтарының ортақ мейрамы. Ұлыстың ұлы күнін Өзбекстанда да ерекше атап өтеді. Біз мерекеге деген дайындықты көктемнің алғашқы күнінен бастаймыз. Мысалы ауыл тұрғындары болып көшелерді қоқыстан тазартып, ерікті жастар жиналып қарттар үйіне барып көмектесеміз. Сонымен қатар Наурыз мерекесін 21-наурызда тойлайды. Бұл күні адамдар таза әрі әдемі киімдерін киіп, ақжарма тілектерін арнайы жеткізу үшін достары мен туыстарына қонаққа барады. Ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдардың түр-түрі дайындалып, наурыз көжеден дәм татады.
Өзбекстан көп ұлтты мемлекет. Мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Азанда орталық алаңда түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары, киімдері, аспаптары жәрмеңкеге шығарылады. Жәрмеңкеде әр ұлттың ұлттық тағамдары ұсынылып, ұлттық ойындары мен әндері, ұлттық билерін көпшілікке паш етеді. Нақты айтқанда мерекеде ұйымдастырылған әр іс-шарада өз ұлтын жан-жақты таныстырады. Мерекелік концерт беріліп танымал өнер жұлдыздары ән шырқап, халықтың мерекелік көңіл-күйін көтереді.
Наурыз мейрамын отбасымыздың арасында да кең көлемде атап өтеміз. Дастарханды қазақтың ұлттық тағамы мен өзбек ұлтының ерекше тағамдарымен толтырамыз. Бауырсақ, құрт, ірімшік, қазы – қарта, қымыз-қымыран секілді тағам түрлерін мерекелік тілегін арқалай келген қонақтарымызға ұсынамыз. Ал, өзбек тағамдарынан палау, көк самса, халям, сумалак секілді тағам түрлерін даярлаймыз. Көрші, туған-туыстарымыз, достармыз мерекеге сай ер кісілер шапан, тақия, апаларымыз кимешек, жеңгелерім қамзол, кәжекей киіп келеді. Барлығы астан дәм татып болған соң кішкентайлар арасында асықтан жарыс, ересектер арасында күрес, көкпар, бәйге секілді түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Айжан ЫДЫРЫС, ХҚТУ-дің 4 курс студенті.
