ҰЛЫС ОҢ, АҚ МОЛ БОЛСЫН!

1  032 көрілім

Әр мемлекеттің өзіне тән салт дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті бар. Сол секілді шығыс халықтарының ұлттық мейрамы – әз-Наурыз. Наурыз көнеден келе жатқан мейрам. Шығыс халқы Наурыз мейрамын әр қалай тойлайды. Ал, қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы болып есептелген. Бұл күн қазақтар үшін киелі, қасиетті болып саналады. Наурыз мерекесі жыл сайын тойланып, ерекше аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған. Шығыс халықтары татулықтың, берекенің, ізгіліктің мерекесі ретінде тойлаған.

Наурыз – біздің халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Парсы тілінен аударғанда «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. 2009 жылдан бері Наурыз мейрамын мәдени мұра тізіміне енгізді. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-шешіміне сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Заңнамаға сәйкес, бұл күндер-мемлекеттік мереке болып саналады. Наурыз парсы, түрік, кавказ халықтарының арасында да жаңа жылдың бастауы ретінде тойланып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында тойланады. Наурыз дана халқымызда қай кезде де ынтымақ пен берекенің, татулықтың белгісі. Наурыз мерекесі қазақ халқы үшін – өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, шығыс халықтарын бір-бірімен табыстыратын мереке. Күн мен түннің теңелетін, табиғаттың қайта түлейтін кезеңі. Мейрамның басты қағидалары мен дәстүрлері еш өзгермеген.

Барлық қалалар төңірегінде этноауылдар бой көтеріп, киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар мен көже дайындалып, дастархан жайылады. Соның ішінде құрт, бауырсақ, шелпек, ірімшік қойылады. Наурыз көжені – еліміздің әр өңірі әр түрлі жеті қоспамен дайындайды. Мейрамда бір-біріне қонақ болып, дастарханнан дәм ауыз татып, адамдар бір-біріне ізгі тілектерін айтып, үлкендер баталарын береді. Жиын дәстүрлі ұлттық ойындармен: көкпар, күрес, қыз қуу, алтыбақан, асық атумен жалғасын табады.

Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже. Көжеге елімізде өндірілетін жеті түрлі дәнді дақылдар мен сүрленген ет қосылып әзірленеді. Дәмінің өзгешелігі сол қоспалардың қосылуынан, дәмі тіл үйіреді. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-біріне қонақ болып, дастарханнан дәм ауыз татып, ізгі-тілектерін айтып,үлкендерден бата алатын болған.

Наурыз біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың, берекеміз бен ырыс құтымыздың мерекесі. Ізгі ықыластық, ынтымақтастық бүгінде қазақ ұлтына тән бейне, бірлік пен татулықты меңзейтін мінез беріп отыр. Сол мінездің астарында көп ұлтты халықтың ортақ келісімі, ауызбіршілігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, кеңдік пен кеменгерлік, сабырлық пен іскерлік, ел бірлігі болып отыр. Наурыз мейрамы құтты болсын. Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын!

Гүлмайра НЫСАНОВА, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы