Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдауда мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін маңызды деп танылған мәселелер қаралды. Бүкіл халық болып Жолдауды тыңдадық, көпшіліктің көңілінен шығатын мәселелер қаралды. Қиындықтарға төтеп беріп, болашағы бар жаңа елге айналатынымызға сеніміміз мол.
Жолдауда Президент конституциялық сот құруды ұсынған болатын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн екендігін атады. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болатындығына сенімдімін. Билік пен қоғам арасында көпір ретінде қызмет ететін дала демократиясын дамытып, ұлттық құрылтай құруды да ұсынды. Құрылтайдың құрамына әр облыстан қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен фермерлер, өзге ұлттар мен депутаттар кіре алатынын естідік. Президент алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр деп айтты. «Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын», – деп он кезеңнен тұратын Президенттің өкілеттігі туралы, Өкілді билік тармағын қайта құру, Сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, Сайлау үдерісін жаңғырту, Құқық қорғау институттарын күшейту, Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар деп аталатын бастамалар ұсынды.
«Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Бақытжан БУКЕБАЕВ,
Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
