ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕГІ НӘЗІК ЖАНДАР

643 көрілім

«Ана» деген есімнің өзі адамзат баласының бойын жылытып, тамаша бір сезімге бөлейді. Түбінде адамға терең ой беретін бұл сөз қашаннан да қадірлі болып келген. Солай болып қала береді де.
Қай заманнан алып қарасаңыз да нәзік жандылар өте белсенді де іскер бола білген. Екінші дүниежүзілік соғыста, ашаршылық және қуғын – сүргін жүріп жатқан кезеңдерде небір қиын-қыстау замандар мен зорлық-зомбылықтарды бастан өткерген әйел – аналарымыз үлкен қажырлылық пен төзімділік таныта білді. Бір сөзбен айтқанда, асыл аналарымыз ерлерден аз еңбек еткен емес. Қазірге дейін осы үрдіс сақталып келеді. Бүгінгі таңда қай сала-ны алсақ та көпшілік ықыласына бөленіп жүрген ардақты аналар мен қыз – келіншектерді кезіктіреміз. Тіпті, теміржол, ішкі істер, құрылыс, әскери секілді тек ерлерге тән қызметтерде де нәзік жандыларымыз ерлермен қатар бір сапта тұрады. Осылайша ел игілігі жолында еңбек етіп келе жатқан аруларымыздың қатары артып, уақытпен санаспай үй шаруасымен бірге түрлі салада қызметін абыроймен атқарып жүрген жайлары бар.
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Отан тірегі Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «Мен-Қазақпын, Мен – қазақстандықпын» деген сенімді әр азаматтың сана – сезімі мен адалдығына сын екені даусыз. Осындай қиыны мен қызығын қатар алып жүрген әскери қызметтегі қыз-келіншектерімізді айтуға әбден болады. Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде 13 нәзік жанды қыз-келіншектеріміз әскери қатаң тәртіпті берік ұстанып жүргенін мақтанышпен айтқымыз келеді. Оларды атап айтатын болсақ, майор Айгүл Ихсанова, аға лейтенант Сара Қалдыбай, сержант Лаура Бекназарова, ефрейтор Райхан Бекмұрат, қатардағы жауынгер Зухра Райымқұлова, азаматтық қызметшілер Айнаш Сералиева, Әлия Әнішқызы, Аружан Бақытжанқызы, Гүлжан Жаубасарова, Сандуғаш Құрбанбекова, Меруерт Асанова, Салтанат Әлімшаева, Дина Сапарбекова.
Аналар туралы айта берсек таусылмайтын әңгіме. Бұл ретте ой түйгеніміз қоғамның барлық саласында әйел затының рөлі айрықша дегенге саяды. Жалпы тіршілік негізі-аналарға жасалатын құрмет жыл сайын еселеніп артуда. Соның ішінде қаламызда да аналар қауымына түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Қорыта айтқанда ел тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген барша әйел-аналарды біздер қашанда мақтан тұтамыз.


Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы