Түркістан облысы мәдениет басқармасы Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Байғали Есенталиевтың авторлығымен «Ана жүрегі» драмасының премьерасы болып өтті. Қойылым барысында Облыстық мәдениет басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Театр директоры, ҚР мәдениет қайраткері Ержан Исатаев сөз алып, құттықтау тілектерін жеткізді.

“Менің театр әртістеріне жақсы жаңалығым бар. Сәуір айынан бастап, театрға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Әртістер сол уақыт аралығында Румыния мемлекетіне гастрольдік сапармен барады және оларға басқарма тарапынан барлық жағдай жасалады”, – деді театр директоры Ержан Исатаев.

Жалпы қойылым Саадат есімді кейіпкердің Қытайдан Қазақстанға бауыры Аятты іздеп келуімен басталады. Қытайда көп балалы болуға шектеу қойылған жылдары Бихан ана бір баласын Қазақстанға беріп жібереді. Уақыт өте баласын қанша іздесе де таба алмай, СССР арасындағы шекара жабылып, тағдырына көнеді.

Бірақ, Қазақтанға оқуға түскен немересінің арқасында бауыр еті баласымен табысуға жол ашылады. Бихан ана 54 жыл бойы баласын бір көруді армандап келіп, ұлымен қауышқан сәтте ғана жүрегі тыныштық табады. Қойылымда қазақ елінің бауырмал халық екендігі баяндалып, жастарды туған еліне, жеріне құрметпен қарауға шақырады.
Шапағат ҒАЙБУЛЛА.