ЖЕКЕ ТЕКТІЛІК ҚҰЖАТТАРЫ ҚАБЫЛДАУҒА АЛЫНДЫ

724 көрілім

Мәдениет майталманы Тотихон Зайнишева отыз жылдан аса ел мәдениетіне елеулі үлес қосып, Жүйнек ауылдық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған.

Тотихон Абдувалиқызы Зайнишева 1955 жылдың 2 мамырында Бірлік ауылында туған. 1962-1972 жылдары мектеп қабырғасынан тәлім алып, өнерге деген құлшынысы байқалады. Орта мектепті бітірісімен Жүйнек ауылында клуб меңгерушісі болып қызметке қабылданады. Халықтың қошеметі мен құрметіне бөленген Тотихон Зайнишева айтулы марапаттары мен медальдарын Түркістан қалалық мемлекеттік архивінде өткен «Ғұмыр дария» атты іс-шарада мемлекеттік сақтауға тапсырды. Көптеген мәдениет қайраткерлерінің архивке өткізген жеке текті құжаттарының ішінде бірегей тұлға, Дінмұхамед Қонаевтың және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында бірнеше рет өнер көрсеткен тамаша талант иесі Тотихон Зайнишева апайымыздың марапаттары мен алғыс хаттары айрықша орын алады.

«Ел іші – өнер кеніші» деп дана халқымыз текке айтпаған. Ынта-жігерімен ұзақ жылдар бойы елге қалтқысыз еңбек етіп, мәдениет пен қоғам дамуына елеулі үлес қосқан Тотихон Зайнишева сынды мәдениет майталманының жарқын ғұмыры халықтың ақ тілегімен бірге жасай берері сөзсіз. Осы орайда, ел үшін елеулі еңбек атқарған азаматтардың жеке текті құжаттары архив үшін аса маңызды, құнды ескерткіш екенін ұмытпауымыз керек. Түркістан қалалық архиві өмірі өнегеге толы еңбек ардагерлерінің және әрбір жеке тұлғаның құжаттарын қорғауға алып, дәріптеуге дайын. Сонымен қатар, тапсырылған құжаттармен тұрғындардың кез келген уақытта танысуға мүмкіндігі бар.

Айнұр ДҮЙСЕНБАЙ,

Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің архивисті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы