АВТОКӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІНЕН ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ
Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларын сақтау, қадағалау мақсатында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Тәртіп сақшылар осындай кезекті шара барысында Сарыағаш қаласы, Исмайлов көшесінің бойында түнгі сағат 02:30 шамасында жарық шамын жақпай келе жатқан «Равон Р-3» маркалы автокөлікті тоқтатады. Тексеру барысында сыртқы киімінің қалтасынан пакетке оралған айғақ зат шыққан. Аталған жәйтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді.
Полицейлер жүргізушінің қалтасынан шыққан есірткіге сараптама тағайындап, қорытындысына сәйкес, кептірілген марихуана болып шықты. Қазіргі таңда аталған жәйтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
ӘЙЕЛДІ ТОНАҒАН АДАМ ҰСТАЛДЫ
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ол орталық көшелердің бірінде жаяу келе жатқан кезінде тоналғанын жеткізді. Белгісіз азамат күш көрсетіп құны 70 000 теңгелік «Vivo» маркалы ұялы телефонын тартып алған. Аталған жәйт ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды. Тәртіп сақшыларының тәулік бойы үзіліссіз жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрланған ұялы телефон сауда орындарының бірінде телефон алып-сатумен айналысатын дүкеннен табылды. Сатушыдан жауап алу барысында, телефонды танысы «өзімдікі, сатып берші» деп тастап кеткені анықталды. Осылайша жедел ақпарат көздері арқылы полицейлер, күдіктіні өзінің тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Оны полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, ұсталған ер адам әйелдің жалғыз жүргенін және физикалық әлсіздігін пайдаланып, теріс әрекет жасауды көздеген. Яғни қас-қағым сәтте жәбірленушінің ұялы телефонын қолынан жұлып әкетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сондай-ақ, күдікті бұрын ұрлық қылмыстарымен сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
БЕЙНЕ БАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ
НАУРЫЗДАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков брифингте облыс тұрғындарына мәлімдеме жасады. Облыс орталығы – Түркістан қаласына 30 жылдамдық өлшегіш пен 26 көше қиылысына орнатылған «Сергек» 2022 жылдың 1 наурызынан бастап іске қосылады. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Тәуке-хан, Саттарханов даңғылдарымен, Қызылорда тас жолы «Газпром» АЗС тұсында, Кентау, Атабай, Балтакөл, Шымкент тас жолдарында.
Сондай-ақ, Жібек Жолы, С.Ерубаев, Б.Майлин, Майкотов, Самара М32 Шымкент, С.Қожанов, Қарадауов, Мега орталығы тұсында, Қазыбек би, Жарылқапов, Алтынсарин, О.Жандосов, Тәуелсіздіктің 10 жылдық, Бірлік, Шекті Тілеу, Әль-фараби, Сандыбай көшелері қиылыстарындағы бейнебақылау камералары жұмыс істемек.
Брифинг барысында А.Тастанбеков: «Қазіргі таңда облыс бойынша 28 зияткерлік жүйелер іске қосылған. Оның шінде 23-і тұрақты және 5 құрылғы жылжымалы. Бұл зияткерлік жүйелер Түркістан қаласымен қатар, облыс аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға орнатылған. Аталған бейнебақылау камералары жол-көлік оқиғалары орын алған уақытта дер кезінде анықтап, жедел шаралар қолдануға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл құрылғылар арқылы облыс полицейлеріне құқық бұзушылықтарды анықтауға және қылмыстарды тезірек ашуға әрі оның салдарын еркін анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Дайындаған:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
