Хамдия Шакирова 1937 жылдың 7 наурызда Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында туған. Өзінің еңбек жолын 1954 жылы Түркістан қаласындағы темір жол стансасына қарасты локомотивтік депоның жанындағы теміржолшыларға арналған асхананың жұмысшысы болып бастаған. Жұмыс істей жүріп 1961 жылы өзінің білімін арттыру мақсатында Шымкент қаласындағы сауда техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң Түркістан қаласындағы темір жол стансасына қарасты жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімінің тауартанушы қызметін атқарады.
1973 жылы Қарағанды қаласындағы кооперативтік институтын бітірген соң Түркістан қаласындағы темір жол стансасына қарасты жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалып, осы қызметте 19 жыл жұмыс атқарып, 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі. Хамдия Шакированың ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Ол Қазақстан Республикасының «Сауда саласының үздігі», «Ұлы Отан соғысының балалары», «Ұлы Жеңіске – 60 жыл», «Ұлы Жеңіске – 75 жыл», «Алтын ана», «Ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі мен көмегі үшін» медалдарымен, Түркістан облыстық және қалалық әкімдіктердің, «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталған.
Бізде қалалық ардагерлер кеңесі атынан Хамдия Шакированы мерейлі 85 жасымен құттықтай отырып, осы сәтте әрдайым ел болашағы жолындағы еңбегіңіз жемісті, абыройыңыз үстем бола берсін демекпіз. Апайымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.
Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы.
