ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСІМДЕР

1  532 көрілім

Ұрпаққа өткеннен өнеге алуды, келешекке тура қарауды үйрету әрбір игі істен бастау алады. Қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып,  ұлт руханиятының жандануына дем берген тұлғаларды ұлықтау арқылы елдің идеологиясы қалыптасады.

Осы орайда, өмірден озған түркістандық ақын-жазушылардың, журналистердің,  жалпы шығармашылықпен айналысқан қаламгерлердің баспасөзде жарияланбаған өлең-жырларын, әңгімелерін және тағы да басқа шығармаларын жариялап отыруды қолға алып отырмыз.

«Естен кетпес есімдер» атты жаңа айдарда беріліп отыратын болады.

Pедакция алқасы.

ӨМІР САБАҒЫ

Есжан АЙНАБЕКОВ,

ақын, жазушы, журналист.

Сол жылы жаз өте ыстық болды. Шілде басталмай-ақ тас төбеден шақырайған күн өткір сәулесімен жер-дүниенің бәрін күйдіріп жіберді… Жаздың орта шенінде құмның ала-құла шөбінің бәрі сарғайып, қурай бастады. Әр ойпаңға тұтаса өскен қызыл сирақ жыңғылдардың да күлгін мұрттары әбден қурап, етектеріне төгіліп қалды. Көкке саусақтарын жайып тәңіріден жаңбыр сұраған діндар диқандай құмның кәрі сексеуілдері, бұтақтары тарбиып-тарбиып аспан жаққа қарап телмірісіп қалыпты…

Бұл жаз әсіресе құмның тас сауыт тасбақаларына қиын тиді. Көпті көрген кәрі тасбақалар ғана биылғы жаздың бұл ыстығына көп қынжыла қойған жоқ. Себебі, олар өздерінің іш пыстырар ұзақ ғұмырларында талай-талай қарға миы айналар аптапты бастарынан өткізген еді. Көлеңкесі қалың сексеуілдердің түбін паналаған олар ыстық қайтқанша тырп етпестен жатып алды. Сабырдан айрылып, әбігерге түскендер бала тасбақалар болатын…

Лүп еткен самал жоқ, жер-дүние өртеніп кетуге жақын аптап күндердің бірі болатын… Әбден пысынап, тас сауыты күндегіден де ауырлап, терлеп-тепшіген бала Тасбақа қырға қарап тырмысып келе жатыр еді, қыр басында інінің аузын бағып шоқиған Саршұнақ манадан бері бала Тасбақаны тамашалап отырған-ды. Ол ыстық күнде тас үй арқалаған мына баланың өнімсіз жүрісіне күлкісі келіп әзер шыдады.

– Оу, амансың ба, сауыт киген жас батыр! Қайдан келесің, қайда барасың? Жөніңді айта кетерсің, бәлкім?! – деп айқай салды ол, Тасбақа қыр басына шыға бергенде. Ысылдап-пысылдап әзер демін басқан бала Тасбақа тер жуған бетін сүртіп сәл аялдады да, тас сауыттың астынан мойнын қылқитып Саршұнақты тінте қарап шықты.

– Аман, аман, шұнақ қу! Әлі отырсың ба шоқиып қараңғы үйіңнің есігін бағып. – Бала Тасбақа енді-енді өзіне келген болуы керек, шиық-шиық етіп күліп қойды.

– Қараңғы болса да, әйтеуір, сендер секілді ыстық күнде тас үйді арқалап, азапқа түсіп жүргенім жоқ!

– Е-е, шұнақ қасқа, сен не білесің? Күндіз-түні сыбдыр еткеннен шошып, мына жарық дүниеде не жақсы, не жаман екенін де айырудан қалған нағыз қорқақтың өзі емессің бе? Саған біздің жайды ұғу қайда?! Біле-білсең бұл сауыт біздің үйіміз ғана емес, жауларымыздан қорғайтын тас қорғанымыз да. Күн ыстықта аздап ыстықтайтынымыз рас. Бірақ әзірге сен секілді сужүрек қорқаққа айналмай жүргеніміз де осының арқасы.

Бала Тасбақа талайды көрген кәрілерден естіген әңгімесін аздап өзгертіп бөсіп жіберді. Ал, өзі ішінен төрт аяғын тұсап, зілдей болып жотасын езген тас сауыт тасыған тіршілігіне көңілі толмай қапа болып тұр еді. Ол, әрине, мұны Саршұнаққа сездірмеуге тырысты. Саршұнақ болса оның сөздерін естімегендей тырбақ қолымен көзін уқалап, бірер керіліп алды да, інінің аузында жатқан шөптерді қылғыта бастады. Жауап тосып біраз тұрған Тасбақа ақыры шыдамы таусылды да бұрылып алып жөніне кетті.

«Біле-білсең, бұл біздің қорғанымыз ғой!..Қорғаны-ы-ы-ымыз!.. Таси бер онда «тас қорғаныңды», бір керегі болар! Иә, иә, таси бер сүмеңдеп. Са-ау-ыт-ты батыр! -деп сөзінің соңын әндетіп қайырып, ертеңгілік жиып әкелген шөптеріне қайтадан бас қойды Саршұнақ.

Саршұнақ айқай салғанда онша алысқа ұзай қоймаған Тасбақа тас сауыттан мойнын қылқитып артына қайырылған-ды. Саршұнақтың «сүмеңдеп» деген сөзі Тасбақаның жанына батып кетті және нақ бір сахнада тұрғандай сөзінің соңын созып, әндетіп бітіргені де жынын келтірді. Төбелесе кетуге оқталды да, «мына тас бәле құлаш жаздырар дейсің бе» деп күйініп, жөніне жүре берді.

Кеш. Бесін ауып, күн де жатар ұясына сүңгіп бара жатыр еді. Батыс маң қызыл-күрең нұрға малынып, күні бойы өртене-өртене жанып біткен бұйрат құмдар шоқтана қызарып жатыр. Күн-ұзақ шекеңнен ұрған ыстық енді табаныңды шымылдата бойыңа тарайды… Солтүстіктен баяу ескен самал да ыстығы бетіне тепкен қызыл құмды жұмсақ қытықтап, ойнайтындай… Айнала тым-тырыс. Тек «шілденің тағы бір өрт күнінен аман қалдық-ау, әйтеуір» дескендей селдір жыңғылдар өзара сыбырласуда.

Бала Тасбақа батысты бетке алып ұзақ жүрді. Жүрісі өнбей әбден діңкелеген ол сексеуілді паналап жатқан бір топ аталастарының қасына келгенде өте ашулы еді. Олар бұған тас үйлерінен бастарын бір-бір қылқитысып қарады да, қайтадан бұйығысып жата берді. Тек көпті көрген кәрі тарлан топбасы Тасбақа ғана бұған тесіліп қарап қалды.

– Түсің қашып кетіпті ғой, балам! Тыныштық па, әйтеуір? – деген ол бала Тасбақа жақындай бергенде.

– Тыныштық әзірге! – Бала Тасбақа өзін-өзі зорлап, әдептен аспай сөйлеуге тырысты. – Әзер жеттім-ау, мына тасты тасимын деп әбден шаршадым. УӨ!!!

– Қой, балам, өз үйіңді өзің жамандап не көрінді?! Асылық айтпа, балам! – деді кәрі Тасбақа енді басын тіктеп. Сөзінің аяғы қатқылданып, қатаң естілді. Жол бойы Саршұнақтың келеке еткеніне әбден ширығып, шытынап келген бала Тасбақа бұл жолы ашық кетті.

– Өзің әділін айтшы, қария?! Осы тастан құтылатын күн жеткен жоқ па?! Өзге ел тас үй арқаламай-ақ тәп-тәуір өмір сүріп жатыр ғой. Мәселен, мына сені алайық, атам заманнан бері осы тас сауытты тасимын деп мыж-мыжың шығып, қартайып біттің. Аяқтарыңа қарашы өзің, ауыр салмақтан майысып, әбден тарбиып қалыпты.

– Е-е, баламысың деген! Менің сол талай заман бойы әлдекімге жем болмай тірі келе жатқаным да осы «тас сауыттың» арқасы.

Ата Тасбақа тас сауытына дейін селкілдеп, рақаттанып, көзінен жас аққанша ұзақ күлді. Бала Тасбақаға әншейінде анау-мынауға селт ете қоймайтын кәрі қақбастың мынасы тіпті ұнамады. Ашуға булыққан ол шарт кетті:

– Бүйтіп тас арқалап, митыңдаумен өткен ұзақ тіршілігіңе болайын. Тіпті Саршұнақ екеш Саршұнақ та күлкі етті ғой…

Мына сөз кәрі Тасбақа үшін төбесінен жай түскендей әсер етті… Сөйтсе де сөйлеуге асыққан жоқ. Ұзақ ғұмыр оны қандай қиындыққа душар болса да сабыр сақтауға мықтап үйреткен еді.

– Жоқ, балам! Сен қателесіп отырсың. Күлетіндер күле берсін. Жұртта шаруамыз қанша?! Әркімнің өз тағдыры, пешенесіне жазылған өз тіршілігі бар. Әлдеқандай бір жымпыс күлді екен деп тағдырыңнан өзің бас тартуға бола ма?!.. Қызбалығың мен балалығыңды ескеріп бір жолға кешірдім! Тек, есіңде болсын, мына күңкілді мен екінші рет еститін болсам, онда маған ренжіме! – Ол осы сөздерді айтар алдында мына әңгімеге елеңдесіп қалған өзге балаларына бір қарап қойды.

– Онда сендер-ақ маңдайларыңа жазылғанмен жүріп ұшпаққа шығыңдар. Ал мен өзге ел секілді дұрыс өмір бастаймын! -деді де аңырып тұрып қалған бауырларына жонын көрсетіп бұрылып кетті.

Ата Тасбақа ойланып қалды. Бір сәт жанындағыларға:-Мына көргенсізді аударып тастаңдар! Бұл күнін көп көрген екен, қол-аяғы тырбыңдап жатсын!» деп бұйрық бергісі келіп тұрды да, үнсіз қалды.

Сексеуіл түбіндегілердің ішінен болашақ басшылықтан үміткер бір-екеуі көргенсіз бауырларын тәртіпке шақырмақ болып ұмсына беріп еді, ата Тасбақа оларды тоқтатып тастады.

– Барсын, түге!? Мұның соңы неге соғарына ертең-ақ көздерің жетеді. Барсын! – деген үнін қатайтып.

Оның осы сөзінен соң қимылдасып, қопаңдасып қалғандар жым болды. Көпті көрген кәріге сенетіндер оның сөзіне түк шүбәланған жоқ. Ал қулары әліптің артын бағып, үндемей қалысты. Егер ананың жағдайы жақсы болып жатса, көрерміз деп ойлады олар.

Топ басымен керісіп қалған соң бала Тасбақа былай шығып алып сабасына түсті. Мана ашумен байқамапты, қап-қараңғы түнде, әлсіз құмда жол жүру дегеніңіз нағыз қиямет екен. Шырылдаған шегіртке де, қалбаң етіп төбесінен ұшып өте шыққан байғыз да Тасбақаның зәре-құтын қашырды. Қараң еткен мен қалбаң еткенге елеңдеген ол бір сәт кейін қайтсам ба екен деп ойланды. Бірақ кейін қайтуға жол қалмаған екен.

– Нар тәуекел,-деп күбірледі ол ұзақ ойланған соң ақыры. – Нар тәуекел.

Содан суыт жүріп отырып қыр басындағы Саршұнақтың үйіне әзер жетті. Саршұнақ тамаққа тойып алып алаңсыз ұйқыға кіріссе керек, қанша айқайласа да оянбай қойды. Жоқ әлде оянса да сыртқа шығуға жүрексініп, тығылып отырды ма?.. Әйтеуір, бір сағаттай уақыт өткенде барып шаққа дегенде басын қылтитты-ау.

– А-а, сен екенсің ғой, сауытты батыр? Таңсәріден жын ұрғандай жетіп келген бұл қай сайтан деп ойлап едім?! Неге келдің?

Тасбақа басын төмен салып бірдеңе деп міңгірледі.

– Ей, былай, еркек сияқты, үніңді шығарып сөйлес! Мені жаназаға шақырып келгеннен саусың ба өзің?.. Ана кәрі білгіштерің о дүниеге аттанып кеткен жоқ па?

Кәрі сұмырайдың аты аталысымен ашу-ызасы қозып кетті. Тасбақа басын тіктеп алды.

– Мен олардан біржола кеттім. Жұрт секілді дұрыс өмір сүргім келеді… Көмектес маған, достым?! – деді ол жымиып.

Екі қолын бүйіріне таянған Саршұнақ талтаңдап ары-бері адымдап жүрді. Бұл оның ойланғандағы істейтін үйреншікті әдеті еді.

– Так-сс! ім-м-м! Сонда мен саған қалай көмектесуім керек? –

Ол алдыңғы аяғымен ауаны шеңбер жасап ойнақтата сызды.

– Мына тас бәледен құтқар мені, достым! Бір жақсылық ет досыңа! Қол ұшын бере көр! Енді сенен өзге кімім бар мен сорлының?!

– Тас бәледен құтқар дейсің, ә!

Саршұнақ иегін қасып маңғазданып сәл тұрды. «Сенен басқа кімім бар» деген ананың сөздері оның кеудесін аяққаптай етіп ісіріп жіберді. Ол ойланған сыңай танытып, бір сәт үнсіз қалды. Сосын жуасып, мүсәпірсіп қалған зарлы Тасбақаны бір айналып қарап шықты.

– Жоқ, достым! Сен мені кешір. Саған қанша жақсылық жасағым келгенімен, бұл шаруа менің қолымнан келмейді деп қорқамын. Тағы да аңдаусыз бір жеріңді кесіп алармын. Мойныма сенің қаныңды жүктеп тозаққа барар жағдайым жоқ! -деп біраз бәлсінген Саршұнақ ешкімі жоқ досын аяды ма, ақыры әзер дегенде келісті-ау. Сосын басы салбырап кеткен Тасбақаны сыртқа қалдырып, үйіне зып берді. Ійінен құрал-сайман толы дорбасын сүйреп, табандап зорға шықты.

Қапшықтағы құралдарды жерге төгіп тастап, пышақпен кессем бе, жоқ әлде арамен араласам ба екен деп біраз ойланған Саршұнақ ақыры іске кірісті.

Сонымен не керек, ысылдап-пысылдасқан олар дегендеріне жетіп тынды. Тасбақаның арқасындағы тілініп кеткен жерлеріне топырақ сеуіп өзінше ем жасаған Саршұнақ қатты шаршаған еді. Бірақ, обалы неге керек, ол бұл шаруаны асқан бір ыждыһаттылықпен өте мұқият орындап шыққан болатын.

Сөйтіп, досының қайырымдылығының арқасында бойы жеңілденіп, еңсе көтертпеген зіл бәледен құтылған Тасбақа рақаттанып-ақ қалды. Бұрынғыдай емес, жүрісі жылдамдап, көп терлемейтін де болды.

Осы күннен бастап Тасбақа үшін рақат өмір басталған сияқты: алаңсыз жайлы тірліктің дәмін татқан ол бауырларын кездестірсе миығынан күліп, мысқылдауды шығарған. Тек, бір өкініштісі – әлгі кәрісіне кездесудің бір сәті түспей қойды. Оның бұл кездесуге сақтап жүрген ішкі есебі бар еді.

Бала Тасбақаның шат-шадыман күйін көрген тағы бірер Тасбақа да сауыттарын сыпырту үшін Саршұнақты іздеп кетті. Бұған дейін «Саршұнақ екенсің-ау» деп ешкім көзге ілмеген оның дәуірі жүріп кеп берді. Тіпті бұрындары «Саршұнақ» деген атын да толық атамай «Шұнақ» деп сымпитып жүргендер енді «Секе», «достым» деп талай жерге апарып тастайтын болды.

Ол да өз бағасын дер кезінде сезсе керек. Енді ұзақ уақыт бәлсінуді, тіпті «қолақы» сұрауды шығарды. Кейде «басымның сақинасы ұстап тұр» деп сылтауратып, сорлы Тасбақалардың сауытын жартылай сыпырып болмай жатып-ақ ініне кіріп алып, шықпай жатып қалатын. Келе-келе тас сауыттан құтылғысы келетіндер бірнеше апта Саршұнақ үшін азық жинап, керек десеңіз оған пұл да төлейтін болды.

Бірер байғұс Тасбақалар «бұл таза қанау ғой» деп, жайлап ескертіп көріп еді, Саршұнақтың беті бүлк еткен жоқ:

– Бар, бар онда…Бәлкім сені тас сауыттан сол қанамайтындар құтқарар. Бар, бара ғой,-деп шығарып салған. Елге күлкі боп әрі-сәрі күй кешкен олар ақыры кешірім сұрап, Саршұнақтың аяғына жығылуға мәжбүр болды. Жай жығылған жоқ, бүкіл өмір бойы жиған-тергенін айыбымыздың төлемі деп шұнақтың алдына тартты.

Жаңа мамандықтың қыр-сырына әбден қаныққан Саршұнақ бір жазда бүкіл өміріне жететін азық-түлік жиып алды. Енді бұрынғыдай шоқиып есік баққанын қойып, небір асылдан жасалған әшекей, жылтырағын тағынып кешкісін қыдыруды шығарды.

Күн артынан күн, ай соңынан ай зырлап өте шықты. Өтпестей болған жаз да, кетпестей болған қиқуы мол қызық та бұл өлкеден жылыстап, өзге жаққа ауып кетті. Алты ай жаз мезі еткен күн де енді жабықтан сығалаған ұялшақ бойжеткендей, киіз бұлттың жыртық-жыртығынан бірер сығалағаны болмаса, көрінуді тіпті қойды. Жылуы сыртына теуіп жататын бұйрат құмдар да теріс қабақ танытып, бар ыстығын тереңіне жасырып бүк түсіп жатып алды.

Ұлан-ғайыр құмды өлкеге күз де келді. Күзбен бірге тас үйлерінен мәңгіге айырылған Тасбақаларға да бір сұмдық жақындап келе жатты. Жон арқаңды тесіп жіберердей бір мінезден таймастан апталап жауатын күздің сылбыр жауыны да басталды. Көп ұзамай қарашаның қара суығы түсті. Ызғары өңменінен өтердей ысқырына соққан жел сай-салада ойнақ салды. Жаз бойы сайран салған сауытсыз сорлылардың бұған дейін көргендері жай нәрсе екен. Баспанасыз байғұстар үшін нағыз тозақ енді басталды. Саршұнақ секілді ең болмаса ін қаза алмайтын олар әбден дірдектеп, су-су болып жаурады. Жылы жер іздеп құмды өлкені кезіп кетісті…

Осылай жайлы, жылы баспана іздеп сүмеңдеген олар ақыры тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті.

Тас сауыттан алғашқы болып құтылған бала Тасбақа бақытсыздыққа бірінші ұшырады. Суық желден бүрсең қағып, қатты жаураған ол ықтасын жер іздеп шығанға шығып кеткенін аңғармай қалды. Сонадайдан қыртыс-қыртыс бүйірін беріп, дөңкие созылып жатқан құмнан асып түссем, арғы беткей бұталы дала болар деген үміт еді оны солай сүйреген. Ол бірақ арғы бетке асып үлгере алмады. Көлденең құмның қайқаң беліне жете бергенде көктегі атажауының алмас тырнағына тап болды…

Өткір, қайратты тырнақтар қос бүйірден кірш-кірш қадалғанда Тасбақа байғұстың жан дауысы шықты.

– Құт-т-қ-қарыңдар! – деп айқайлады ол жан дәрменмен. Бірақ оның дауысына селт етіп, көмекке ұмтылар ешкім болмады. Әлеуетті тырнақтар өз дегенін істеді. Тасбақа жерден тік көтеріліп бара жатқанын сезді. Табаны ажырай бере төменге көз салған. Анадай жерде ата Тасбақа бір топ ізбасарларының ортасында бұған мысқылдай қарап тұр екен.

Ол өзі армандаған кәрі Тасбақамен кездесудің ақыры сәті түскенін ұқты. Тек, кімнің пайдасына екенін ойлап үлгере алмады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы