СӘЛЕМДЕСУ

1  418 көрілім

Армыcың, ағайын, дос, бауырларым,

Қырдағы, Сырдағы, ауылдағың.

Бөлінбей ата-атаға, руға, жүзге,

Ұлт болып ұйып тұрған қауымдарың.

         Армысың, алтын жаға ағаларым,

         Өзіңді өз жұртыңдай бағалар кім.

         Еліктеп өскендіктен өздеріңе,

         Жақсы мен жайсаңдарды жағаладым.

Пәк көңіл өздеріңді дархан жаны,

Келеді көргенімде арқаланғым.

Қалдырмай мәртебелі жиындардан,

Жүргенде өздеріңнің арқаларың.

         Армысың, інілерім – қырандарым,

         Ынтымақ, бірлік болсын ұрандарың.

         Бас қосып жүргендерің қуантқан соң,

         Ағытпай ағын жырды тұра алмадым.

Армысың, аңқылдаған құрдастарым,

Өмірлік жора-жолдас сырластарым.

Жас шіркін қартайғанмен, әр тайғанмен,

Көңілі ортаймайтын бір қасқамын.

         Армысың, қыз-келіншек, қарындастар,

         Хабаршы жақсы өмірден қарлығаштар.

         Жігітті ер ететін, жер ететін,

         Амалы өздеріңде ару жастар!

Армысың, арманы көп жастар жалын,

Асқақтап алдарыңда асқарларың,

Баптаған бағбандарың болсын аман,

Түп-түзу өсіп жатқан жас талдарым!

ҚАРИЯЛЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН 75!

Шын сөзім бұл,сенбе мейлің, сен мейлің,

Осы жасқа келгеніме сенбеймін.

Өлшеп-пішпей есептеспей қуатын,

Уақытты ысырап қылған мендей кім!

         Қара сөзге сарқылмайтын кендеймін,

         Қара тілмен мылқауды да емдеймін.

         Қадау-қадау қатарымды көргенде,

         Осы жасқа жеткеніме сенбеймін.

Қарттыққа да қалғаным жоқ байланып,

Жастар көрсем өте алмаймын айналып.

Мен олармен жүрсем шалқып кетеді,

Түркістаным гүлстанға айналып.

         Бізден бұрын керуен-керуен көш өтті,

         Бәлкім ерте, бәлкім саған жеттім кеш.

         Қадіріңді жүрсем білмей кешіргей,

         Қариялыққа қол жеткізген жетпіс бес!

ТАҒДЫРЛАР ТУҒАН ЖЕРДЕГІ

Сөз қалсын, ән мен күй қалсын,

Келтіріп көркем ұйқасын.

Жазамын жырды жазамын,

Рахатым әрі азабым!

Әлемді оймен сапырдым,

Тұрмыс-күй кештім бір сарын.

Бриллиант, гауһар, алтыным –

Жүректен тамған жырларым!

*   *   *

Қоғамға індет – надандық,

Жоятын оның үш емі:

Әділдік пен адалдық,

Білімділік үшеуі.

Тектілердің әулетін,

Осы үшеуі мәпелер.

Мұнсыз жиған дәулетің,

Елге індет әкелер.

*   *   *

Шақырған өнер белдері,

Шарқ ұрған кездер көп еді.

Тағдырлар туған жердегі,

Ойымды онға бөледі…

*   *   *

Қаңырап қора қарасыз,

Шақшадай шар бас шарасыз.

Пікірің түгіл мұңыңды,

Тыңдайтын кім бар парасыз?!

*   *   *

Кім ақ-қара жұрт біледі,

Жәбірлеме момынды.

Дүние кезек, бір күндері,

Момын қияр жолыңды.

*   *   *

Әділетсіздікке дауа іздеп,

Дел-сал күйде қоғам мына.

Бір пысыққа сауап істеп,

Он момынға обал қылма!

*   *   *

Байыптап бағалар кім?

Салсаң да тыңнан сүрлеу.

Шаршадым, шамаладым,

Сөз ұғар – мыңнан біреу.

*   *   *

Сөзден сәуле нұр аққанда,

Шалқыр көңіл теңіздей.

Отыра алмадым сұхбаттарда,

Аузын буған өгіздей.

*   *   *

Күннен жарық түнім бар,

Түннен түнек күнім бар.

Мың бақытқа бергісіз,

Балдан тәтті мұңым бар!..

*   *   *

Бірін-бірі өсірмей,

Шырмауық өмір сүрген көп.

Бірін-бірі менсінбей,

Жатқа жем боп жүрген көп.

*   *   *

Шапағын шашып қан қызыл,

Қайғы емес күннің батқаны.

Қайғы – сол, құр қол жас шіркін,

Ұлғайып бара жатқаны.

*   *   *

Абайша сүйіп мен де елді,

Тәрбие бергім келген-ді.

Жүректі берген иесі,

Тілекті, бірақ, бермеді.

*   *   *

Сөз баққан жайым мына

Мәз емес, не етсем екен?

Жер алып жайылымға

Ешкі айдап кетсем бе екен?!

*   *   *

Ел мақтардай, тер аққандай кем ісім,

– Шыншыл еді десе жұртым-жеңісім.

Даналардан қалған ақыл-маржаны-

Менің алтын кенішім.

*   *   *

Татулықтың қайнар көзі-келісім,

Мұқтаждарға ұсынғайсың жең ұшын.

Қаяу салу момындарға нахақтан

Трагедия мен үшін.

*   *   *

Сайрайсың кеп «мен қазақпын», «мен қазақ»,

Рухани жаңғырыпсың сен ғажап.

Сенің қазақ екеніңе күмән жоқ,

Бірақ, бізде барлық ұлттар тең ғажап!

(Жалғасы бар).

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ақын, ҚР Мәдениет қайраткері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы