Бүгін «Ақжайық» музыка мектебінде «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан облыстық Жас депутаттар корпусының алғашқы отырысы болып өтті.
Атаулы шараға шараға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының жауапты өкілі, өңірдің жас депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының белсенді мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Шара барысында өңірдегі жастар саясатының іске асырылуы жөнінде облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұркен Аралбеков баяндама жасап, бүгінде жастардың саны 473 110 адамды құраса, оның 82%-ы ауыл, қалғаны қала жастары екенін жеткізді. Сонымен бірге, облыстағы жұмыссыздық жайын тілге тиек етіп, нақтылы атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау бойынша Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Динара Егембердиева таныстырылып, кеңестің алдағы 1 жылдық жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ, «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жастарды қолдауға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын тиімді іске асыру бойынша мәліметпен бөлісті.

Жиынға төрағалық етіп, жүргізіп отырған Бейсен Тәжібаев мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, жас депутаттарды проблемаларды ашық ортаға салуға шақырды.
«Көп азаматтар «Серпін» бағдарламасының мүмкіншілігін түсіне бермейді. Жас депутаттар өз аймақтарындағы ауыл-аймақ, елді мекендерді аралағанда осы мәселені назарда ұстағаны жөн. Сіздер мектеп бітіруші түлектерді құлақтандырып, ақпараттық-насихат жұмыстарына белсене атсалысуларыңыз керек. Өйткені бөлінген гранттар игерілмей қалуда. «Еңбек» бағдарламасының да тиімді тұстары көп. Бұл бағытта халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізудің арқасында оң нәтижелерін көрсетіп келеді. Өзінің қабілетін, жұмысын көрсете алатын жастар халыққа да, мемлекетке де керек. Барлықтарыңызда халықтың атынан оның ішінде жастардың атынан мәселе көтеруге және шешілуіне тікелей атсалысуға заң жүзінде мүмкіндік бар» -, деді Бейсен Дәулетұлы.
Жастар арасындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланған жиын барысында көпшіліктің қолдауымен Жас депутаттар корпусының жетекшісі болып Талғат Қаржауов сайланды.

Еске сала кетейік, барлық мәслихат депутаттарының 20%-ы жастар болуы керек деген талап қойған «Nur Otan» партиясының тұңғыш праймеризінде жас буын өте белсенді болды. Түркістан облысы бойынша 1144 үміткер тіркелсе, оның 271-і 35 жасқа дейінгі жастар болды. Яғни, барлық қатысушылардың 26,8% жастар құрады. Бүгінде облысымыздағы барлық мәслихатта 35 жасқа дейінгі 44 депутат бар. Сонымен қатар, Түркістан облысында 2021 жылы 68 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті. Оған жалпы саны 190 кандидат катысты, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар – 43 (22,6%). 68 ауылдық округ бойынша әкім болып сайланғандардың 8-і (11,8%) 35 жасқа дейінгі жастар болып табылады.
«Түркістан ақпарат».
