Бүгін, Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Жұмат Шанинмен 12 минут» атты кездесу кеші болып өтті. Шара қазақтың халық әртісі Жұмат Тұрғынбайұлы Шаниннің туғанына 130 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Шара барысында Жұмат атамыздың өмірінен арнайы сахналық қойылым сомдалып, өлеңдер оқылды.

Кездесу кешіне Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Мұхан Шакиров арнайы қонақ болып келді. Сонымен қатар, Филология ғылымдарының кандидаты профессор Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелері Кеңес Мәрсәлі және Өтепберген Қуанышбаев, Түркістан облыстық Р.Сейтметов атындағы драма театрының әртісі Шакен Амантұров, ХҚТУ спорт және өнер факультетінің аға оқытушысы Салтанат Қырқынбекова, «Түркістан музыкалық-драма театрының өнерпаздары Али Марат пен Айбек Боранбайлар құрметті қонақ болып қатысты.

«Жұмат Тұрғынбайұлының туғанына 130 жыл толып отыр. Осы шара аясында кітапханада бас қосып отырмыз. Жұмат Шанин атамыз Қазақстанда бірінші рет халық әртісі атағын алған азамат. Қысқаша айтқанда өзі қоғам қайраткері, драматург, режиссер, әртіс. Драматург ретінде бірнеше пьесалар жазған. Пьесаларының ішінде «Арқалық батыр», «Шахта» деген сияқты үздіктері бар. Қырғызстанда Бішкек қаласында 1937 жылдары болуы керек, режиссер болып жұмыс жасаған», деді Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Мұхан Шакиров.
Шапағат СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ.
