Бүгін қаладағы «Жеңіс» саябағында 15 ақпан кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 33 жыл толуына орай, митинг болып өтті. Шарада алдымен көк байрағымыз әкелініп, еліміздің Әнұраны орындалды. Ұрыс даласында қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Жиында Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Е.Нұржанов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов сөз сөйлеп, кеңес әскерлерінің ауған жерін біржола тастап шыққандығының 33 жылдығымен құттықтады.

Бүгінде 33 жыл уақыт өтсе де ауған соғысының ашылмаған жұмбағы, айтылмаған құпиясы әлі де көп. Сондықтан, бұл соғыстың салған жарасы көптеген жылдар бойы жазылмасы анық. Ауған соғысы ардагерлерінің әскери борыштарын адал да мінсіз орындауы бүгінгі жастарға үлгі өнеге болып келеді. Ауған соғысы ардагерлерін құрмет тұта отырып, олардың ерен ерліктерін жас ұрпаққа дәріптеу – біздің борышымыз деп білеміз, – деген ой төңірегінде сөз сөйлеген қонақтар бейбіт еліміздің баянды болашағы жолында еңбек етуге шақырды. Осы күні мерекелік шара қаладағы «Астана» мейрамханасында жалғасын тауып, онда дастархан жайылып, өмірден өткен ауған соғысы ардагерлеріне арналып Құран бағышталды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
