Бүгін Түркістан қаласында «Ауыл вайнері» деген атпен танылған Жандос Бақытұлының бастамасымен «Тайқазан» әлеуметтік үйі өз жұмысын қайта бастады. Жиынға Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары Тәжібек Мұсаев, Жансерік Жұман, Нұрсұлтан Жүсіпбаев, Ақиқат Абдуллаев және басқа да кәсіпркерлер қатысып, қайта жұмысын бастап отырған қорға өздерінің тілектерін білдірді. Сонымен қатар, елге танымал Нұрдәулет Бектұрсын (NNN) бастаған блогерлер келіп, өздерінің қолдауларын білдіріп, алдағы уақытта көмек көрсететіндігін жеткізді.

Жиынның бір ерекшелігі, келген қонақтар арасында аукцион өткізілді. Аукцин барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген сурет картинасын 45 мың теңгеге блогер Нұрдәулет сатып алса, арнайы Меккеден келген жәдігерді қалалық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Жүсіпбаев 55 мың теңгеге сатып алды. Қобыз бен домбыра бейнеленген қолөнер бұйымын Шымкент қаласынан келген «Change house» тобы 190 мың теңгеге сатып алды. Айта кететін жағдай, жиын барысында бұл топ өз тарапынан әлеуметтік үйге бір тонна ұн табыстайтындығын жеткізді. Жандос бұл аукционнан түскен барлық қаражатты Тайқазан қорына жиналатындығын айтып өтті.
«Тайқазан қорының ашылғанына үш жыл болды. Қазіргі таңда осы қорды қолға алып, жұмыс жасап дамытқым келеді. Басында қорқыныш болды. Көп қаражатты талап ететін жұмыс. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмайды. Қайырымдылық қорының ашылуына қалалық мәслихат депутаттарын, кәсіпкерлер мен блогерлерді арнайы шақырдым», – деді Жандос Бақытұлы.
Ауыл вайнерінің айтуынша, алдағы уақытта кез келген көмекке мұқтаж адам әлеуметтік қордан өзіне керекті азық-түліктері мен киім кешек, аяқ киімдерін тегін ала алады.
Шапағат СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ.
