Мақтарал ауданы әкімдігінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды толығымен қамтуға қатысты құрылған жұмысшы топтың отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова тұрғындарды МӘМС жүйесіне қатыстыруға байланысты Мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, білім бөлімдері, құқық қорғау органдары, ауыл әкімдері және медициналық ұйымдармен бірлесіп, ақпараттық насихаттық жұмыстарын ұйымдастырып жатқанын айтты. Сонымен қатар, МӘМС жүйесінің денсаулық саласына етене араласқаннан бері медициналық көмектердің басқа да түрлері қосылып жатқанын тілге тиек етті. Яғни, тұрғындарға қажетті көмектер медициналық ұйым тарапынан кедергісіз жасалуға мүмкіндіктер бар.
Мұнан соң, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова баяндама жасап, тегін медициналық көмек пакеті және МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерге тоқталды. Сондай-ақ, жүйеге төлеушілердің әр санаты үшін әр түрлі мөлшерде болады. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының 3%-ын құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 18 000 теңгеден аспайды, бұл 10 ЕТЖ-нің 3%-ы.

Айта кету керек, 2022 жылдан бастап, 1 ЕТЖ 60 000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2022 жылы олардың табысының 2%-ын құрайды, бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 ЕТЖ (600 000 теңге) жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 12 000 теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 4 200 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-нің 5%-ын құрайды.
2022 жылы бірыңғай жиынтық төлем сомасы 1 АЕК-ке тең, бұл республикалық, облыстық маңызы бар қалалардың және Астананың тұрғындары үшін 1 АЕК-ті (3 063 теңге), ал, басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК-ті (1531,5 теңге) құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 3 000 теңгеге тең (1 ЕТЖ-дан 5%).
