Аудан аумағында ашылған әрбір кәсіпкерлік нысан жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретіні белгілі. Түлкібас ауданының әкімі Н. Байғұт жауапты мамандармен бірге аудан аумағындағы іске қосылатын біршама кәсіпкерлік нысандарды аралап, иелерімен кездесті.
Бірінші кезекте аудан әкімі аудан орталығындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Түлкібас саялы» емдеу-сауықтыру орталығына табан тіреді. Омыртқа ауруларын емдеуге бағытталған 3 қабатты нысанның құрылысы бүгінгі таңда 85 пайызға аяқталған. Ағымдағы жылдың сәуір айында ашылуы жоспарланып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған жобаның жалпы құны 420 млн. теңгеден асады. Кешен іске қосылған жағдайда ауыл тұрғындары үшін 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кәсіпкер ат басын бұрып келген аудан басшысына ризашылығын білдіріп, нысанның толық аяқталуына кедергі болып тұрған мәселелерге қолдау көрсетуін сұранды. Яғни, автотұрақ жерін заңдастыру мен ауыз суға қатысты өтінішін білдірді. Аудан әкімі кәсіпкердің өтінішін Заң аясында шешу мақсатында ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, тағы да басқа қолдаулар қажет болған жағдайда Заң аясында көмек беруге дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте аудан басшысы Азаттық ауылында бой көтеріп жатқан көп салалы сауда орталығының құрылысымен танысты. Жертөлесін қоспағанда екі қабаты 600 шаршы метрді құрайтын нысанды жеке кәсіпкер өз қаржысына көтеруде. Бүгінгі таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталып тұр. Нысан іске қосылған жағдайда бірінші қабатында көтерме бағада азық-түлік пен құрылыс материалдары сатылмақ. Ал, екінші қабатында тігін цехы орын теппек. Кәсіпкермен сұхбаттасқан Түлкібас ауданының әкімі жұмыстың алға басуына Заң аясында қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендігін жеткізді. Кәсіпкерге екінші қабатындағы тігін цехіне ауданымыздағы жұмыссыз жүрген осы мамандық бойынша арнайы курстарды оқыған тұрғындарды орналастыру ұсынысын жеткізіп, кәсіпкер өз тарапынан келісімін берді. Нысан іске қосылған жағдайда 15-20 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бүгінгі жұмыс сапарын аудан басшысы Тастұмсық ауылдық округінен тәмамдады. Бұл жерде аудан әкім округ орталығынан бой көтеріп жатқан 2 қабатты сауда орталығының жұмысымен танысты. Аталған жобаның құны 220 млн. теңге шамасында. Кәсіпкердің жоспарына сай нысанның бірінші қабатында 240 сауда нүктесі болмақ. Онда көтерме бағада азық-түлік және құрылыс материалдары сатылса, екінші қабатында балаларға арналған жабық ойын алаңы орналаспақ. Нысан іске қосылған жағдайда 30-40 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аудан әкімімен кездескен кәсіпкер құрылыс жұмыстарын аяқтауына қаржы тапшылығын алға тартып, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие алуға ықпал жасауын сұранды. Аудан әкімі кәсіпкерге қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлік бөлімінің басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Бүгінгі таңда жаңа жұмыс орындарын ашу маңыздылығын ескере келе аудан басшысы тиісті бөлім басшысы мен ауыл әкімдеріне кәсіпкерлер тарапынан айтылған өтініштерді Заң аясында тез арада шешуді тапсырды. Бұл өз кезегінде аудан аумағындағы азық-түлік және құрылыс материалдар бағасының арзандауына да зор септігін тигізетін атап өтті.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
