ОТБАСЫЛЫҚ ЖАРЫСТА ҚҰРБАНОВТАР ӘУЛЕТІ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

1  801 көрілім

Түркістан қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектебінде «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен «Менің отбасым» атты толағай отбасылық сайысы болып өтті. Сайысты Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Рая  Ибадуллаева ашып, жарысқа қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі.

Отбасылық сайыста Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы, бөлімнің сектор меңгерушісі Марат Асилбаев, қала әкімдігінің ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Ердәулет Төрехан және шараға демеушілік жасаған «Отбасы банкі» бизнесті дамыту бөлімінің маманы Майра Байбекқызы қазылық жасады.

Атаулы шараға Құрбанәлиев, Бегайдаров, Досболов, Тұрсынбетов, Құдайбергенов және Әбдірахмановтардың отбасылары қатысты. Сайыста қатысушылар «Таныстыру», «Желаяқ», «Мергендер», «Мұртты кеңгіру», «Кім шапшаң?», «Арқан тарту» бойынша жарысып,  өз бақтарын сынады.

«Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, қалаға қарасты 6 сектор бойынша отбасылық «Толағай» сайысы өтуде.  Сайыстың мақсаты отбасылар арасындағы құндылықтарды нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталып отыр. Осы шара барысында отбасылардың бір – біріне деген татулығы артып, спортқа деген құштарлығы ашылады деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл іс шара өзінің жалғасын табатын болады. Бізге секторлар арасынан жарыстан жеңіп шыққан отбасыларды анықтап, қалалық байқауларға жіберу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Айына бір рет қалалық жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қала тұрғындарын спорттық сайыстарға қатысуға шақырамыз», – деді Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы.

Отбасы құндылықтарын және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аумақтық жұмыс жүргізу секторлары арасында өткен «Менің отбасым» сайысында  1 орынды Құрбановтар отбасы жеңіп алды. Ал, жүлделі 2 орынды Абдурахмановтар отбасы иеленсе, 3 орын Тұрсынбековтар отбасына бұйырды. Демеушілер тарапынан Құрбановтарға тоңазытқыш, Абдурахмановтар отбасына теледидар тарту етілсе, ал Тұрсынбековтер отбасына микротолқынды пеші тарту етілді. Шараға қатысқан барлық отбасыларға «Отбасы банк» атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы