«Жастар жылында» жастарды серпілткен жоба

1  131 көрілім

Иә, енді қала жастары демалыс күндердің алдын көтеріңкі көңіл-күй, жанды дауыста шырқалған ән, сырлы әуен, жаңа таныстықпен өткізбек. Шаһарда алғаш қолға алынған жоба қала әкімдігінің ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр. Жастардың белсенділігі жоғары. Бірі тыңдауға келсе, енді бірі микрофонды тізгіндеп, өнерден кенде еместігін көрсетті. Көңілді басқосуға тіпті ғаламтор арқылы болатынын көріп Кентау қаласынан арнайы келген жастар да болды. Олар тек тыңдап қана қоймай ән шырқап, әр жұмада арнайы келіп тұратындықтарын жеткізді. Оларды сынап немесе бағалап, бірін бірінен жоғары қоятын ешкім жоқ. Тек жастар өзара көңілді орта қалыптастырып, достық қатынасты нығайтып, жұдырықтай жұмылған Түркістан жастарының озық, заманауи, көңілді екендіктерін көрсетпек.


Жастардың кешіне арнайы келген қала әкімі Рашид Аюпов: «Жастар – біздің келешегіміз. Сондықтан, біз сіздерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Ол үшін бізге сіздердің ашық ой-пікірлеріңіз керек. Мен мектепте, университетте осындай іс-шараларда белсенділік танытып жүретінмін. Сол себепті, сіздердің де белсенді болуларыңыз маған белгілі және қажетті. Қазіргі жастардың өз ойы бар. Сол үшін біз олармен санасып отыруымыз керек. Сонда ғана екі жақтың ойынан шығатын, ерекше идеялы жобалар жарық көретін болады. Осындай бастамаларыңыз көп болсын!», – деп ізгі тілегін білдірді.


Алғашқы кешке келушілердің қарқыны да жаман емес. Тіпті, ұйымдастырушылар мұнша адам келеді деп күтпеген-ді. Ал, жастардың алаңына бас сұққан қала әкіміне жастар таңданыс туғызбады. Өйткені олар Рашид Абатұлының келетініне кәміл сенімді болғанын, оларға әрдайым қолдау көрсетіп келгенін алға тартты. Осы ретте, әнге жаны құмар жастардың ойын білу үшін сөзге тарттық:
«Бұл жобаның үлкен мүмкіншіліктері бар. Менің алған эмоциям керемет! Бойындағы талантын, ән айту қабілетін жасырып жүрген жандардың паш ететін сәті. Мен ән айта алмасам да, олардың бар ынтасымен шырқаған әндерін сүйсініп тыңдадым. Қала әкімі Рашид Абатұлы бұған дейін де Шымкент қаласында қызмет еткенде жастармен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болды. Ол кісінің осында келетініне шүбәм болмады, мен таң қалмадым. Оның жастарға көрсетер үлгісі мен қолдауы да жетерлік. Бұл тұсаукесер жоба. Бүгін 50 шақты жас келсе, жыл соңына дейін 200-500 боларына кәміл сенімдімін. Ұсынысты тастаған да біз. Олардың бірнеше жобаларын көрдік, бізге қатты ұнады. Сондықтан, өзіміз осы жобаны ұйымдастыруын өтіндік», – деді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті Бибарыс Орынтай.


«Жалпы «Квартирникті» ұйымдастыру Түркістан жастарының бастамасы. Нұр-Сұлтан, Шымкент енді Түркістанда қолға алынған жоба «Жастар жылының» жаңалығын ашқандай жастарды серпілтті. Шымкент жастары құрған «U:projects-тің» алдағы уақытта Түркістаннан филиалы ашылмақ. Ал, «Квартирник» олардың бір ғана жобасы. Демек, жастарға арналған көңілді кештер артпа-арт жалғасын тауып отыратын болады.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы