СУҒА ТҮСУ САҚТЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

980 көрілім

Жаз мезгілінде күннің ыстығынан шаршаған жұрт суға түсуге асығады. Ағынды су адам бойындағы салқынды басып, бір сәт рахатқа бөлейді. Алайда, суға шомылу ережелерін сақтамасақ, арты қайғылы жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Түркістан қаласына қарасты Бірлік елді мекенінен өтетін «Арыс-Түркістан» су арнасының бойына барып, тұрғындармен тілдесті. Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Болат Түйменов, ТЖБ бас маманы Рауан Ордабек және жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері арнаның жағалауына жиналған халыққа ережені таныстырып өтті. Тұрғындарға жеке-жеке жадынамалар таратылып, балалардың суға ата-аналарынсыз түсуіне тыйым салынғандығын ескертті. Түркістан қаласы ТЖБ аға инженері Болат Ибадуллаұлының айтуынша, халыққа түсіндірме жұмыстары шомылу маусымы ашылғаннан бастап жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да басқарма қызметкерлері өз жұмыстарын жалғастыра бермек.

Бірлік ауылының тұрғыны И.Абдаллимов өз балаларын арнаның жағасына жолатпайтынын айтты. «Ауыл шетінен жақында үлкен бассейн ашылған, немерелерімнің бәрі сонда барып шомылады. Көпірден ары-бері өткенімде шомылып жүрген мектеп жасындағы балаларды үйлеріне қайтарып жіберемін. Кейде ата-аналарын шақыртып, оларға ескерту жасап тұрамын. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жиі келіп тұрады, біз олармен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз»,- дейді ауыл тұрғыны әрі көше төрағасы Икматулла Абдаллимов.

Ата-ананың салғырттығынан балалардың суға кетіп ажал құшуы кездеседі. Өңірімізде жыл басынан бері сондай қайғылы жағдайлардың біреуі тіркелген екен. Балалардың болашағы өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы