ҰЛЫ АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ – ЕЛ МЕРЕЙІ

1  559 көрілім

Кешегіңе көңіл бөлмей ертеңгіні елестету мүмкін емес. Елбасымыз Н.Назарбаев «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» деген болатын.  Қара сөздің патшасы саналған ұлы ақын Абай Құнанбаевтың алдағы жылы туғанына 175 жыл толмақ. Тарихи дата қарсаңында «Адамзаттың алыбы – ақын Абай» атты фото көрме өтті. «Балауса» балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагерінде болған жиынға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі ұйытқы болды. Көрмеге ақын жайлы жазылған түрлі кітаптар мен фотосуреттер қойылды. Ондағы мақсат еліміздің болашағы саналған балалардың бойына ұлы тұлғаның өлеңдері мен ғибратты әңгімелерін сіңіру және отансүйгіштікке баулу болып отыр.

Көрсең көз тоятын көрме салтанатты іс-шарамен басталды. Онда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболов демалушыларға Абай өлеңдерінің құндылығы жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, қазақ зиялысының шығармаларын ойына тоқып өскен әрбір азаматтың болашақта басар баспалдағы биік болатынын да тілге тиек етті. Шара шеңберінде балалар мен тәрбиешілер ұлы ақынның өмірінен сыр шертетін қойылымдар қойып, өлеңдерін жатқа оқып, хормен әндерін шырқады. Жиын соңында өз өнерлерін ортаға салғандарға музейдің атынан алғыс хаттар табысталып, сый-сияпаттар берілді. Салтанатты шара соңында қатысушылар көрмедегі кітаптарды парақтап, суреттерді тамашалады.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы