ШАЛҚАР ШАБЫТ ИЕЛЕРІ БАҚ СЫНАСТЫ

1  133 көрілім

Түркістанда Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйымдастыруымен «Шарықта, шалқар шабытым!» атты кеш өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, «Туған жер» және «Мүгедектерді оңалту, оларға жағдай жасау» бағдарламалары аясында өткен дода «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдалған Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін жатқа айту, мәнерлеп оқу, «Өшпейтұғын, өлмейтұғын әндер-ай!» және «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» атты үш номинациядан тұрады.

“Бұл іріктеу кезеңінде I, II топтағы көз мүгедектері поэзия, ән шырқау және қолөнер бойынша өз мүмкіндіктерін көрсетеді. Іс-шараның мақсаты – қазақтың кемеңгер тұлғаларын, кітапты насихаттау және мүмкіндігі шектеулі жандардың ел қатарлы өмір сүріп, қазіргі өмірге бейімдеу, халық алдына шығару. Бізде «әу» демейтін қазақ жоқ. Бұл ретте, жүлдеміз де ойдағыдай көбеюде”, – деді орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты арнайы кітапхананың меңгерушісі Ержан Ибрагимов.


Аталмыш тақырыпта бұдан алдын екі жыл қатарынан өткен фестивальдің іріктеуіне Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар ауданының өнерлі азаматтары қатысып, бақ сынады. Байқауда оза шапқан өрендер облыстық фестивальге жолдама алып, Түркістанның намысын қорғамақ. Айта кетейік, бұған дейін өткен сайыстарда рухани шаһардың өнерпаздары жүлделі I, II, III орындарды еңсеріп келді. Ендеше, биыл дүниежүзілік зағиптар күніне орай қараша айында өтетін байқауда қоржынымыз құр алақан қалмайды деп сенім артамыз.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН.
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы