ЖАҢҒЫРҒАН ЖОЛДАР ҚАЛА КӨРКІН АШУДА

1  423 көрілім

Түркістан қаласы облыс орталығы гүлденуге қадам басып, қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізілуде. «Сырт көз – сыншы» деп бекер айтылмаған ғой. Сырттан келген қонақтар қаламыздағы өзгерістерге оң бағасын беріп жатса, жергілікті тұрғындардың да мәртебесі емес пе? Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталсақ дейміз.

Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 227,9 шақырымы асфальт көшелер, 461,3 шақырымы шағал тас. Қалған бөлігі топырақ жолдар. Қаланың орталық аумағында орналасқан басты көшелер мен оларды кесіп өтетін қиылыстар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін көшелердің жалпы ұзындығы 68 шақырымнан асып жығылады. Алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар бүгінде өз қарқынын жоғалтпаған. Қазіргі таңда 19,5 шақырым тасарық (лоток), 35,8 шақырым аяқ жол мен 4,5 шақырым велосипедпен жүруге арналған жолдардың құрылысы аяқталған.

Қаланың көркею жолында тасжолдардың алар орны ерекше. Себебі, қазір әрбір үйде бір-бір темір тұлпардан бар. Автокөлік тізгіндеген тұрғындар жолдың жөнделгеніне қуанышты. Нұрлыбек Сабиров өзінің көлігімен жолаушылар тасымалдап, отбасын асырап отыраған еңбекқор жан. «Қасиетті шаһарымыздың әлі де гүлденетініне сенеміз. Қазірдің өзінде көшелер бір ретке келіп қалды. Бұрын көлігім жолдың сапасыздығынан жиі бұзылатын. Қазір жол жөндеу жұмыстары басталғалы бері жететін межелі жерімізге жылдам жетеміз. Барлығы замануи үлгіде жасалып жатқаны қуантады. Жақында ғана С.Қожанов көшесіне салынған 3D форматындағы жолаушылар өткелі көңілімізден шықты. Басты көшелерден қосымша көшелерге бұрылатын қосалқы бұрылыстар да тас жолдағы кептелісті азайтады»,- дейді қала тұрғыны.

Осы жылдың сәуір айынан бастап қаланың бас қақпасына апарар жол – Бекзат Саттарханов даңғылында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көше 2 жолақты жолдан 3 жолақтыға кеңейтілуде. Қазіргі уақытта қара қиыршық тас және ірі түйіршікті асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Б.Саттарханов даңғылымен қатар басталған Шәуілдір тас жолы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде 2 жолақты жолдан 4 жолақтыға кеңейтілді. Өткен жылдың қараша айында Шекті-Тілеу Жібек жолы мен Майкотов көшелеріне де күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бас мердігер «АҚ-ЖОЛ» ЖШС-гі бүгінде аталған нысандардың 90 пайыз жол жабындысын қайта жаңартып үлгерген.

Жалпы қаламызда 875 көшенің 52-сі жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Олардың барлығында ескі жарық бағаналары орналасқан болатын. Орташа жөндеу жұмысы барысында 25,12 шақырым жарық жүйесі заманауи үлгідегі жарық үнемдеуші диодты жарық шамдарына ауыстырылады. Мердігер мекемелер демонтаждалған бағаналарды түзету, сырлау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда С.Қожанов көшесінің жарты шақырымына және Тоққожаев көшесіне бағаналар орнатылып үлгерген.

Түркістан қаласы бойынша 27 бағдаршам нысаны орналасқан. Барлығы дерлік ескі жобадағы құрылғылар болатын. Олардың 15-і орташа жөндеу жұмыстары барысында жаңа заман талабына сай бағдаршамдарға ауыстырылды. Одан бөлек 5 жаңа бағдаршам орнатылса, тағы 5 құрылғыны орнату мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қала бойынша бағдаршамдар саны 37-ге өсіп, барлығы орталықтан басқарылатын автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасайтын болады.

Бүгінде құрылысы толық аяқталған жолдарға жолақтар түсіп, аяқжолдар мен өткел сызықтары салынуда. Тоғыз жолдың торабы, еліміздің оңтүстігіндегі алтын қақпасына айналған Түркістан қаласы осылайша түрлене бермек.

Нұрбол НЫШАНБАЙ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы