БЕКАРЫС ШОЙБЕКОВ «АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ АТАНДЫ

1  285 көрілім

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбековты бүгін Түркістан әуежайынан барша түркістандықтар салтанатты түрде қарсы алып, ақынға құрмет көрсетті.
Елордамызда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өткен еді. Екі күнге созылған жыр аламаны «Nur Otan» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген болатын.
Шараға Түркістан қаласының зиялы қауымы, қалалық мәслихат депутаттары, әйелдер кеңесі, ХҚТУ ұжымы мен студент жастары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында айтыскер ақын, халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Нұрлыбек Мейірманов Бекарыс ағасына өз арнауын жеткізсе, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков құттықтап, иығына шапан жапты. Ал, «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы Р.Тәңірбергенов ақынға арғымық мінгізсе, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев құттықтап, ақындар мектебін ашатынын жеткізді. Шарада бүлдіршіндер Бекарыс ағаларына арнап, өлеңдерін оқыды.
Сол республикалық аламан айтыста Бекарыс Шойбеков:
«Біз енді Түркістанға бет аламыз,
Бұйырса, бірер күнде жете аламыз.
Ол біздің төрт қақпалы қаламыз ғой,
Қуантпай оны қалай жата аламыз.
Ашып қой төрт қақпаның төртеуінде,
Арамызда жоқ біздің шекарамыз,
Еркебұлан екеуміз қатарласып,
Саған алтын домбыра апарамыз», – деп жырлаған болатын.
Жиын соңында Бекарыс Шойбеков барша түркістандықтарға көрсеткен құрметтеріне алғысын білдіріп, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы