ӘРБІР БАЛА – БІР ЖҰЛДЫЗ

845 көрілім

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мүмкіндігі шектеулі 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларды емдеу-оңалту-сауықтыру шараларымен айналысады. Оңалту орталығы алғашқы ашылған жылдан бастап облысымыздың бес ауданынан, атап айтар болсақ Кентау, Отырар, Ордабасы, Созақ ауданынан жалпы 20 баладан, Түркістан қаласынан 40 баладан қабылдануда. Мұнда келетін балалар жергілікті «Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының» арнайы жолдамасы арқылы қабылданады.

Оңалту орталығының ұжымы, яғни 60-қа тарта маман қызметкерлер оңалуға келген балаларға 8 бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Олар: әлеуметтік тұрмысқа бағдарлау, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік мәдени, әлеуметтік медициналық, әлеуметтік құқықтық, әлеуметтік экономикалық бағыттар. Осы қызметтер қызмет алушы балаларымызға толықтай көрсетіледі. Соның ішінде әлеуметтік мәдени бағыт бойынша орталығымызда түрлі мәдени іс-шаралар өтіп отырады. Оңалту орталығына келген балаларды ән, би өнеріне шыңдап, түрлі дәрежедегі сайыстар мен конкурстарға қатыстырады. Үй жағдайында сырттағы әлемнен тыс қалған балаларымыз, өз ортасын тауып, шығармашылықтары жетіліп, сахна мәдениетіне бейімделеді. Сонымен қатар, өз ішімізде сан түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Сондай іс-шаралардың бірі оңалту орталығының түлегі, жастар арасындағы пара жүзуден Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері, тірек-қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында Қазақстан Республикасы спартакиадасының 1 орын жүлдегері Рахманберді Сәулетпен кездесу кеші ұйымдастырылды. Қазақ халқында «Адам болар баланың жанарында от ойнар» деген дана сөзі бар. Демек, халқымыз ерте кезден- ақ жастарды талантты да, дарынды болуына қолдау көрсетіп, демеп отыруды көздеген. Міне соның дәлелі, Сәулет. Сәулет оңалту орталығына келгенде небәрі бес-ақ жастағы бала еді. Ән мен биге құлшынысы, сурет өнеріне қызығушылығы өте жоғары болды. Осыны байқаған оңалту орталығының мамандары Сәулетті барлық жағынан шыңдады.

Түрлі облыс және қала көлеміндегі конкурстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды. Диплом, Алғыс хаттармен марапатталды. Әсіресе, ән айтуға жаны құмар болды. Ән айту жанры бойынша сан түрлі қырынан танылды. Әрине, мұндай жетістікке жетуге мамандарынан бөтен Сәулетті үнемі қолдап, үлкен қалаларға конкурстарға апарып, қашанда жанынан табылған әжесі Рахима еді. Сәулет қандай да бір жетістікке жетсе, ол Рахима әжесінің арқасы. Кездесу барысында Сәулеттің оңалту орталығында болған шағынан естеліктер айтылып, видеоролик көрсетілді. Оңалту орталығының мамандары түрлі қызықты оқиғаларымен Сәулеттің өзі қазіргі таңдағы жеткен жетістіктері туралы бөлісті.

Өсіп келе жатқан жеткіншектер үшін, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін Сәулеттің жетістіктері үлкен өнеге, өмірге деген құлшыныс. «Шебер ұстаз шәкірттің талант көзін ашады, Еңбек жанса сол шәкірті сәуле болып нұрын шашады» – дегендей, орталыққа келген балаларымыздың дарынын аша білсек, жұлдызын жарқырата білсек, ел игілігіне қосқан үлесіміз болады емес пе.

Қатира БАҚБАНБЕТОВА,

Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы кмм-нің музыка-мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы