ЖЕКЕ ТЕКТІК ҚОР САНЫ ТАҒЫ БІР ТҰЛҒАМЕН ТОЛЫҚТЫ

721 көрілім

«Түркістан қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеке тектік қорының саны тағы бір Түркістан қаласына еңбегі сіңген тұлғамен толықты. Ол Түркістан тарихындағы мәдениет саласында өзіндік орны бар, ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шықса да ел мүддесі жолында жұмыс істеп келе жатқан ҚР Мәдениет қайраткері медалінің иегері Аббазов Ырысқұл ағамыз болады.

Атақты орыс жазушысы Антон Чехов «Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес»,-деп айтқандай Ырысқұл ағамыздың мәдениет саласына сіңірген еңбегі ұшан теңіз болғандықтан жан дүниесі бай тұлға.

Ырысқұл Аббазов қоғам және мемлекетіміз, облысымыз үшін зор үлес қосқан, мәдениет саласының дамуына қарқынды еңбек ете білген, жеке тұлғаның туыстық, достық, шығармашылық өнерді жұмыспен байланыстырған қоғам белсендісі, ел игілігі үшін қызмет етуден шаршамаған мәдениет майталманы. Осындай елге сіңірген еңбегі, мәдениет саласына қосқан үлесі орасан зор жеке тұлғалармен архив коллекциясы толықтырылып, Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорының санын арттырып жатқан тұлғаға шексіз ризамыз.

Ырысқұл Аббазов қоңыр күздің жаймашуақ күнінде барлық өмірдерегін, елі үшін еткен еңбегінің куәларын арқалап мемлекеттік сақтауға әкеліп өткізді. Ол кісінің еңбек жолын, көрген қиындығын бір ғана қағаз бетіне сиғызу мүмкін емес.

Ардақты жан Ырысқұл Аббазов өңіріміздің өркендеуіне қосқан үлесіңізді, еліміздің ертеңі жолындағы ерен еңбегіңізді ел бағалайды, құрметтейді, өзіңізбен мәдениет саласы мақтанады. Осындай игі бастамаңыз бен көпшілікке үлгі боларлықтай ісіңізге дән ризамыз.

Ендеше, оқырмандарымызға жеке текті құжат туралы толығырақ түсіндіріп өтсем. Жеке текті құжат деп жеке тұлға өзінің қызметінен немесе қоғамдық міндеттерін атқарудан тыс жасаған құжаттарды атайды. Жеке тектік құжаттар жеке азаматтың, жанұяның немесе тектік өмірі мен қызметі барысында құрылады. Олар қоғамдағы адам өмірінің барлық қырын ашатын құнды деректер болып табылады.

Жеке текті құжаттар қатарына аса көрнекті қайраткерлер, өлке дамуына үлес қосқан тұлғалар, ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, білім беру, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары, спорт істерінің қайраткерлері, Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің иегерлері қабылданады.

Түркістан қаласына еңбегі сіңген ата-анаңыз, туысыңыз, бауырыңыз болса ол кісілердің ерен еңбегі ескерусіз қалмасын, ертеңгі ұрпаққа жеткізу үшін мемлекеттік сақтауға әкеп өткізулеріңізді сұранамыз.

Майра КЕНЖЕБЕКОВА,

«Түркістан қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің архивисті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы