МӘҢГІЛІК ӨШПЕЙТІН САҒЫНЫШ

889 көрілім

Жалғызға жамағат қымбат,

Адалға аманат қымбат.

Бақытты сезінгің келсе,

Бәрінен қанағат қымбат.

                                     Темір Балкен.

Күздің қоңыр тартқан мезгілінде Балкеновтардың отбасы қара жамылып, орны толмас қазаның куәсі болды. Шаңырақтың шырайын келтіріп, дос-жаран мен ағайын-туыстың мерейін асырып жүрген заң саласының майталманы, қара қылды қақ жарған, майдан қыл суырғандай сот саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Балкен Темір ағамыз бақилыққа аттанып кете барды.

Бала кезден еңбекті сүйіп, шығармашылық бағытта шыңдалып, ата-ана мен отбасына қамқор болған апталдай азамат өмірін өнегемен өрнектеген. Қарапайым болмысынан қаталдықтың кейіпі көрінгенімен жүрегі жұмсақ, жомарт жан еді.

Ол өзінің еңбек жолын 1974 жылы Шымкент облысының прокуратурасы, Түлкібас ауданы прокуратурасының тәлімгерлігінен бастап, 1975 жылы Арыс қаласы прокуроры көмекшісінің міндетін атқарып, аға тергеушілікке дейін көтерілді. Уақыт өте 1978 жылы Кентау қаласы прокуратурасының тергеушісі, 1981 жылы Кентау қаласының прокурор орынбасары лауазымымен қызмет жолын жалғастырды.

Әділдік пен адалдықтың ақ туын көкте желбіретуде алдына жан салмайтын азамат 1985 жылы Кентау қаласында сот төрағасы қызметін атқарды. Араға жылдар сала 1987 жылы Шымкент облыстық сотының мүшесі, 1989 жылы Түркістан қалалық халық сотының халық судьясы міндетін атқарушы, 1990 жылы Түркістан қалалық халық сотының халық судьялығына сайланып, төраға қызметіне бекітіледі. Тәуелсіздік таңы атып, еліміз жаңа кезеңге бетбұрыс жасаған уақытта, яғни 1996 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ОҚО Түркістан қалалық сотының төраға қызметіне тағайындалады.

2000 жылы ҚР Әділет министрінің бұйрығымен Түлкібас аудандық сотының төрағасы қызметіне ауыстырылып, 2002 жылы Созақ аудандық сотының төрағасы, 2007 жылы Түркістан қалалық сотының судьясы қызметін абыроймен атқарады. Осы жылдар аралығында төккен тер мен еткен еңбек ескерусіз қалмады. Ұзақ жылдар бойы сот саласында еселі еңбек етіп, әділеттікті сақтау мен әділ қазылықтың үлгісін көрсетуде, азаматтардың заңды мүддесін қорғау мен қоғамымызда заңдылықты нығайтуға елеулі үлес қосты. Соның дәлелі болар сол кездегі облысы әкімі Б.Сапарбаевтың Алғыс хатын иеленген. Киелі өңір Түркістан топырағының дамуы мен өркендеуіне сот жүйесі арқылы аянбай атсалысып, 2007 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының «Ең үздік сот қызметкері» номинациясын иеленгені ел есінде. Өзінен кейінгі буынға үлгі бола білген Темір ағамыз сот саласының саңлақтарымен иық тіресе қызмет етті. 2008 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағын алып, абырой биігінен көрінді. 2015 жылы ҚР Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен «Сот жүйесінің ардагері» медалін кеудесіне тақты. Сот жүйесіндегі көп жылғы мінсіз еңбегі, сот төрелігін жүзеге асырудағы табыстары мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Үш би» Құрмет белгісімен марапатталды. Одан бөлек, судьялар қоғамдастығының алдындағы ерекше қызметі, сот төрелігін нығайтуға ықпал ететін белсенді қоғамдық және сот қызметі үшін «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» Құрмет белгісімен марапатталып, мәртебесі жоғарылады.

Бүгінде өмірлік жары Іңкәр апай аптал азаматтың қайсарлығы мен сабырлы мінезін сағына еске алып, өмірден өткеніне сенер-сенбестей күн кешуде. Тәңірдің ісі, қолдан келер шара жоқ. Енді тек ойға оралары Темір аға туралы ескірмейтін естеліктер ғана. Оның өзі келместің кемесіне мініп кетсе де, ол жаққан шырақ, ол тәрбиелеген ұрпақ асыл ағаның бейнесімен мәңгі жасай бермек.

Темір аға өкшесін басқан буынды тәрбиелеп, өзінің саласына баулып, өнегелі мектеп бола білді. Әрбір жасқа талап пен тәртіпті айна қатесіз түсіндіріп, тазалық пен ұқыптылықты үйретті. Темірдей тәртіптен шынығып шыққан жастар бүгінде қанатын кеңге құлаш ұрған құстар тәрізді. Қазіргі таңда заң саласында нәтижелі еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүр.

Жанұяның жылуын бірге сезініп, отбасының ыстығы мен суығына бірге төтеп бере білген Іңкәр апай оның болмысы мен жүзі қайсыбір жанға қатал көрінгенімен қызметіне байланысты қалыптасқан мінез деп бағалайды. Жиырмадан асқан бозбала құқық бұзып, бұзақылықпен айналысқандарды тергеу, қылмысты ашу, қулық-сұмдық жасаған айлакерлердің аяғына тұсау салып, оларды тергеу барысында осындай болмыс қалыптасты. Жалпы, қос қызы мен ұлына қамқорлығын аямай, оларды есейгенше балаша аялай білді. Кішкентайынан қос қарлығашын мектепке жаяу жібермеуші еді, өзі ерінбей көлігімен жеткізіп, алып қайтушы еді-жарықтық. Қат-қабат тіршіліктен балаға деген мейірімін жоғалтпай, әкелік махаббатын емірене төге білді. Ал, оның Іңкәр апайға деген махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар құлынтайдай тебісіп, бір ауылда өсіп, бір мектептің маңдайалды түлектері бола білді. Балалықтың бақытты шағы бір арнада тоғысып, бір үйдің балаларындай бір-бірлерін толықтырып отырды.

Осындай жарына деген кіршіксіз сезімі мен балаларына деген махаббаты немерелеріне арналған ыстық ықыласына жалғасып жатты. «Немерелерім менің, көремін ба, көрмеймін ба, деген қызығым» деп әр немересін ерекше төбесіне көтеретін.

Ғибратты ғұмырында саналы ұрпақ тәрбиеледі. Бүгінде қос қызы әкелерінің сара жолын жалғап, заңгерлік салада тынымсыз қызмет етуде. «Әке көрген оқ жонар…» демекші, әке ізімен келе жатқан ұлы Мадияр Жоғарғы Сотта судья қызметін абыроймен атқаруда. Немерелерінің алды жоғары оқу орнын тәмамдаса, өзгелері оқуда озат, отбасының көз қуаныштары. Адам ұрпағымен мың жасайды. Темір ағаның артында осындай тәлімі мен тәрбиесі бөлек ұл-қыздары мен немерелері бар. Олар әрдайым асқар тауларымен мақтанып жүрері анық.

Ғасырға бергісіз ғұмырдариясында ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты әке, ел сыйлайтын азамат, жұрт жадынан жоғалтпайтын тұлғаға айналды. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін Темір ағаның жарқын бейнесі замандастары мен көзкөрген шәкірттерінің жүрегінде ұзақ сақталары анық. Темір аға, өмірден өткенімен оның еңбегі мен есімі ешуақытта өшпек емес.

Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы