Түркістан 2000 (екі мың) жылдық тарихы бар қала.Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи, 21-хан, 56-батыр және атақты әулие азаматтарымыз жерленген. Осы әулие бабаларымыздың ықыласы түсіп қасиетті қалаға айналып отыр. Түркістан бүкіл әлемге белгілі қала. Елбасымыз Түркістан облысын құрып, оның орталығы Түркістан деп жариялағаннан кейін шаһар өсіп, өркендеу жолына түсті. Түркістанда түркі тілдес мемлекеттердің басшылары жиналып рухани астана деп жариялады. Бұл бүкіл дүниені дүр сілкіндірді. Белгілі ақын Мағжан Жұмабаев:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой», – деген қанатты сөзі бүкіл дүниені аралап жүр. Бұл Түркістан бұл дүниенің де, о дүниенің де есігі ашылатын жер деп түсінуіміз керек. Түркістанда тұратын әрбір азамат, әрбір жас, әрбір ақсақал қасиетті қалаға лайықты бола білуіміз керек. Кеңес мемлекетінің тұсында 70-жылдан аса атеистік мемлекетте өмір сүріп, адами қасиеттерімізден, мұсылманшылық жолдан адасып қалған жағдайымыз бар. Әсіресе, адамзаттың жауы арақ-шарапқа дендеп кіріп кеттік. Жасымызда, кәрімізде жаппай арақ-шарапқа үйір бола бастадық. Бұл ұрпақты аздырып, елді тоздырды. Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген жезөкшелік «кәсіпте» пайда болды.
Арақ-шарап пен жезөкшелік қоғамның дерті. Егерде ұлымыз салынып ішіп, қызымыз жаман жолға түсіп кетсе отбасының соры, елдің ұяты емес пе?. Сол үшін Түркістан қаласын арақ-шарапсыз, жезөкшесі жоқ таза да халал қалаға айналдыру қазіргі ұрпақтың міндеті. Түркістан барлық жақсы бастамалардың басында тұрып, бүкіл түркі тілдес мемлекеттерге үлгі бола білуі керек. Сол үшін әрбір көкірегі ояу, көзі ашық түркістандық бұған өз үлесін қосуы керек. Біздің барлық тойларымыз, барлық іс-шараларымыз арақ-шарапсыз өтуі қажет.
Түркістанда әулие бабаларымыздың мүрдесі жатқанда, тойымызда арақ ішіп, үйленген баламызға, ұзатылған қызымызға қалайша ұялмай бақыт тілейміз. Қазақта «Әруақ ұрған оңалмайды», – деген жаман сөз бар. Сол әруақтарды сыйламай, өзіміз арақ-шарап ішіп шалқып жүрсек, қызымыз жаман жолға түсіп жезөкшелік жасап жүрсе, әруақ бізді қалай кешіреді. Әрине, бұл мәселе бір күнде іске аса алмайтын шығар. Бұған біраз уақыт керек. Дегенмен «ештен кеш жақсы», – дегендей уақытты өткізбей бұл дертпен күресуіміз керек. Барлық арақ – шараппен кәсіп жасайтын кәсіпкерлерде әруақты сыйлап, арақ-шарап сатуды доғарып, таза жолға түссе нұр үстіне нұр болар еді. Жүздеген араб елдері арақ-шарап сатпай-ақ, шалқып өмір сүріп, мыңғырып байып отыр. Алла кәсібіңе береке берсе, арақ-шарап сатпай-ақ күн көруге болады.
Кәсіпкерлер табысты адал саудамен тапсын. Егерде барлық түркістандықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып қимылдайтын болсақ, Түркістанды таза да халал қалаға айналдыруға болады.
Ж.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы.
