Түрік этномәдени орталығының төрағасы Үсейін МЕДЕТОВ:
Тәуелсіз Қазақстан жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі, ынтымағы жарасқан киелі шаңырағы десек қателеспейміз. Кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама ұлттар мен ұлыстар осы Түркістан өңірінен пана тауып, арып-ашып келген кезде, бала-шағасының аузынан жырып, қолындағы барымен бөліскен қазақ ағайындарымыздың қонақжай да дархан көңілі, ыстық ықыласымен, қамқор көңілімен жүрегіміздің түкпірінен орын алды. Ағайын туғанымыздай араласып кеттік.
Киелі Түркістанымыздың Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналуы – тарихи әділеттіліктің салтанат құруы деп толық сеніммен айта аламын. Бұл дәреже барлығымызды қазақ ұлтының маңына шоғырландырып, іргелі істерге бастайды.
Құрметті түркістандықтар, Сіздерді Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтай отырып, алдағы атқаратын қызметтеріңіз берекелі, істеріңіз жемісті болсын деп тілеймін!
