Жақында ғана Түркістан қаласы Т.Мыңбасы көшесінің тұрғындарынан арыз түскен болатын. Қала тұрғындарының сұранысында тұйық көшелердегі ретсіз автотұрақты болдырмау үшін қажетті жол белгілерін қойып, келеңсіздікті болдырмауға ықпал жасауды өтінген. Аталған мәселе бойынша тиісті мекемеге депутаттық хат жолдадым. Мәселе тек бір қағазбен ғана шетеліп қалмасын деп, арнайы мекеме басшылығымен жолығып та үлгердік.
Сондай-ақ, қала ішіндегі қоғамдық көліктердің қозғалысы жайлы келіп түскен бірнеше өзекті мәселені қарадық. Әрбір тұрғынның талап-тілегі біз үшін маңызды. Қазір ең көп талқыға түсіп жатқан тақырып осы қоғамдық көлік екенінен де хабардармын. Осыған байланысты, қалалық мәслихат депутаттары бірігіп тиісті шаралар атқарып жатырмыз. Мәселен бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы А.Оспанмен жолықтық. Тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдарды тарқатып, не себепті болғанын, алдағы уақытта қандай шара қолданатынын тыңдадық. Қатаң ескертпелер де айтылды.
Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктерге айтылар сын-ескертпелер аз емес. Ол айтылуы да тиіс. Қазақ сын түзелмей, мін түзелмес дейді. Сондықтан қоғам болып қаладағы кемшіліктерді бірлесе түзетуге ат салысу міндетіміз.
Тәжібек МҰСАЕВ
Түркістан қалалық мәслихат депутаты
