СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

1  598 көрілім

Жемқорлық – мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері. Жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлік құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пайда алу, туыстық, жерлестік, тағы басқа жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. Қызметін асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорға делдал болу, жалған сөз тасу, аманаттаған мүлікті иелену, жалған куәлік беру – қылмыс әрі үлкен күнә.

Пара – мансап иесін параға жығу мақсатында берілетін мүлік. Ол пара мансап иесін өз тарапына тарту немесе пара беруші өз мақсатына жету үшін беріледі. Зұлымдық ету мақсатында пара беру – ауыр қылмыс әрi күнә. Сонымен қатар, түр түрлi icтi бiтіpy мақсатында пара беруге де болмайды.

Алла Тағала мұсылмандарға пара беру мен пара алудан, сондай-ақ олардың арасында дәнекерлік етуден де тыйған. Алла Тағала: «Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ, оларды (мал-мүліктеріңді) өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар», – деп бұйырады («Бақара» сүресі, 188-аят) Тағы бір аятта Алла Тағала екі жүзділер мен күпірлікке өзара жарысқандар туралы былай баяндайды: «Олар жалған сөз тыңдауға, құмар, харам, нәрсені жеуге әуес. Егер алдыңа (дауласып) келсе, қаласаң, араларында билік айт, қаласаң, олардан сырт айнал. Сырт айналсаң, олар саған титтей де зиян тигізе алмайды. Ал, олардың арасында билік айтсаң әділ үкім шығар. Шүбәсіз, Алла әділетті жандарды жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 42-аят). Аяттағы «харам нәрсені жеуге құмар» деген сөз тіркесі өзгенің мал-мүлкін иемдену, ақысын жеу мағынасында келген. Сағид ибн Жүбәир (Алла оған разы болсын) бұл аят жайында «Мұнда жемқорлық турасында айтылған» деп тұжырымдаған.

Жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Пара жүрген жерде жауапкершілік болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі – харам.

Әбу Хумайд (Алла оған разы болсын): «Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Азд тайпасындағы Ибн әл-Лютбия есімді бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды», – деп айтады. Мұны естіген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге көтеріліп, Алланы дәріптеп, Оған мадақ айтып содан кейін: «Асылында, араларында біреуді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған сыйланды!» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде қалмады?! Алламен ант етемін, егер сендердің біреуің болмай тұрып бір нәрсені алатын болса, қиямет күні ол міндетті түрде сол алған нәрсесін ұстаған аянышты халде Алла Тағаламен кездесетін болады! Ақиқатында, егер кімде-кім бақырған түйені, мөңіреген сиырды, маңыраған қойды ұстаған түрде Алламен кездесетін болса, мен оны танымайтын боламын», – деді (имам Ахмад).

Тағы бір хадисте Адиа Ибн Умайра Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын келтірген: «Егер жұмысқа алған сендердің біреулерің бір инені немесе тағы бір нәрсені жасырып қалатын болса, бұл қоғамдық мүлікті жасырушылық болып есептеленеді әрі онысын Қиямет күні алып келетін болады». Сонда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына Ансар тайпасының бір қара нәсілді ер адамы келіп: «Алла елшісі, менен жұмысыңды қайтарып ал» (яғни: «Сен маған тапсырған садақа жинау жұмысын атқарудан бас тартамын»), – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Саған не болды?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Мен сенің былай былай деп айтқаныңды естідім», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен мұны тағы да айтамын: «Мен қызметке тағайындаған әрқайсың – үлкен-кіші болсын алған нәрсенің бәрін алып келуің керек». (имам Муслим)

Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалык өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің күрт асқынуына ұрындырады. Сонымен қатар, жоғары лауазымды мемлекеттік кызметкерлер жаппай жемқорлыққа салынған жағдайда құқық қорғау органдары оларды жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады. Жемқорлық екіге бөлінеді: жекелеген лауазымды кызметкерлер жасаған қылмыстық іс – әрекет және бірнеше лауазымды қызметкер бiрiгiп жасаған (сыбайлас жемқорлық ) қылмыстық іс – әрекет. Ислам дінінде басшылық – жауапкершілігі мол, ауыр жүк. Басшы ең алдымен әділ болуы керек. Ел басқаратын, көпшіліктің мұң – мұқтажын арқалаған адам өз жауапкершілігін толық сезініп, әділеттіліктен таймаған жағдайда ғана ақыретте зор кұрметке бөленіп, нұрдан жасалған мінберде отыратындығы айтылған. «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады», – деген. («Ниса» сүресі, 58-аят).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру ұжымдық міндет болып табылады. Бұл туралы Нұғман Ибн Башир (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір сөзін мысалға келтіреді: «Алла Тағаланың тыйғандарынан тиылып, ал бұйырғандарын орындайтын адамдар мен Алланың бұйырғандарын орындамайтындардың үлгісі кемеде отырып өз орындарын алуға жеребе тастайтындар сияқты. Олардың кей біреулері орынды кеменің жоғарғы жағынан алса, ал кейбіреулері – төмен жағынан алады. Кейін төменгі жақтағылардың су ішкісі келеді, бірақ олар суға барып, өзгелердің мазасын алмау үшін: «Жоғарылардың мазасын алмай кеменің түбін тесіп, су алайық», – дейді. Егер кеменің жоғарғы жағындағы адамдар өзгелерге олардың қалағанын жасатар болса, онда кеме құрдымға кетер еді, ал егер жоғарыдағылар төмендегілерге кедергі келтірсе, бәрі де қауіпсіздікте болады» (имам Бұхари).

Бұрынғы өткен бабаларымыздың дөп басып айтқан дана сөздерінде «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген болатын. Олардың әділдікпен туралықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын тарихтан жақсы білеміз. Ислам діні – үлкенді не кішілі сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен Сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына жатқызады. Алайда, Алла ризалығын ойлап, елге адал қызмет еткен жанның үйінде береке болары сөзсіз. «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі артық» демекші халқымыз қашан да жаманнан жирендірген. Сол үшін бабаларымыз «аз болса да, берекесін берсін», – деп айтқан.

Мұхамеджан ЖҰМАДУЛЛАЕВ, Түркістан қаласының бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы