Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам басып отырмыз. Бір ғасырға татитын 30 жылда бірлігіміздің арқасында бүгінгідей үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі мәселе бізді осы күнге дейін жеткізген татулығымызды одан әрі нығайта түсуіміз керек. Кең байтақ елімізде баршамызды біріктіретін ортақ ерекшеліктеріміз бар. Ол – біздің тарихымыз, мәдени мұрамыз бен мемлекеттік тіліміз. Сондықтан әрқайсымыз осындай мемлекетте ынтымақпен күн кешіп жатқандығымызды мақтанышпен айтуымыз керек.
Ұлттық тұтастық пен бірліктің маңыздылығын жастарға түсіндіру үнемі басты назарда болуы тиіс. Елордада өткен «Тәуелсіздік Қазақстан жасампаздыққа толы жылдар мемлекетіміздің басты жетістіктері» атты республикалық конференцияда түрлі сала мамандары осыған ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел бірлігі мен жүйелі реформаларды жүзеге асыру жайы сөз болды. Елдің дамуына елеулі үлес қосқан мамандар Қазақстанның Құрметті азаматы атағына ие болды. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, білім, ғылым, денсаулық сақтау саласының мамандары, құқық, БАҚ саласының қызметкерлері бар.
Солардың арасында Түркістан облысының полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, қалалық тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй қатынастар бөлімінің бас маманы Құрбанбай Мұстапаев, Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің директоры Нұрбол Дүйсебектер Қазақстанның Құрметті азаматы атанды. Бұл дегеніміз ерен еңбектің жемісі екені даусыз. Сондықтан түркістандықтар атынан жоғарыдағы аттары аталған азаматтарды Қазақстанның Құрметті азаматы атағына ие болуларымен шын жүректен құттықтаймыз.
