МӘУЛІТ КЕШІНДЕ 4 ОТБАСЫҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

648 көрілім

«Шапағатшым бір өзіңсің Мұхаммед». Осындай атаумен Түркістанда Мәуліт мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Асыл Пайғамбардың туған күнін дәріптеген жиында ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 отбасыға баспана кілті берілді

Түркістан қаласы имамдарының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке зиялы қауым өкілдері мен халық қалаулылары және қала тұрғындары қатысты. Шара Пайғамбар (с.а.у) рухына Құран бағыштаудан басталды. Рухани шаһардағы мешіт имамдары Мәуліт оқып, келген көпшілікпен бірге салауат айтты. Жиынға арнайы ат басын бұрғын облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов сөз алып, түркістандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Мәуліт мерекесімен құттықтады. Игі іске мұрындық болған жандарға айрықша алғысын жеткізді.

«Мәуліт мерекесі құтты болсын ардақты әлеумет! Бүгінде күллі адамзат баласы Пайғамбарымыздай тұлғаға аса мұқтаж. Оның мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне зәру. Біздер екі дүние сардары Мұхаммедтің (с.а.с) қиямет күнінде шапағатшы болуын тілеуіміз керек. Алла Тағала елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық берсін»,- деді Еркебұлан Ыбрайымұлы.

Діни жиында теолог, РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев сахабалардың ғибратты ғұмырын тілге тиек етіп, Құранның қасиеті жайында ой қозғады. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші айтыстың ақтангері, ақын Бекарыс Шойбеков мерекеге орай арнау айтып, Түркістан қалалық орталық мешіті «Зекет және қайырымдылық» қоры атынан кіші қажылыққа (Умра) жолдама сертификатын табыстады.

Бұл жиынға еліміздің эстрада жұлдыздары да қалыс қалмай өз үлесін қосты. Атап айтсақ, әнші, сазгер Марат Омаров пен Сәкен Майғазиев әннен шашу шашып, сахна көркін қыздырды. Сондай-ақ, қаламыздағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртістері сахабалар дәуірі мен олардың өнегелі өмірінен және ата-ананың қадірі турасында қойылымдар қойып, көрерменнің көзіне жас ұялатты.

«Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі атанған Түркістанда мәуліт мерекесін көріп қуанып отырмыз. Қайта жаңарған қарт қаланы көріп көзіміз тойып, көңіліміз көншіп отыр. Алланың адамзат баласына үлгі етіп жіберген сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) туған күні яғни Мәуліт кешіне Алланың сауабына, Пайғамбарымыздың шапағатына бөленейік деп арнайы келіп отырмыз», – деді әнші Сәкен Майғазиев.

Ал, кештің басты ұйымдастырушысы Түркістан қаласының бас имамы Мухамеджан Джумадуллаевтың айтуынша алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын таба бермек.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы