Қазіргі ұрпақ бақытты ұрпақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қан төгіссіз, ашық аспан астында тәуелсіздікке 1991 жылы қол жеткіздік. Қол жеткізіп қана қойған жоқпыз, еліміз аяғынан нық тұрып, дүние жүзін толығымен мойындатты. Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр.
1990 жылы өткен Қазақ ССР-нің Президентінің сайлауы Алаш жұртының тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізді десек қателеспейміз. Осы сайлауда жеңіске жеткен сол кездегі министрлер кабинетінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес ғасырға жуық аңсап, жете алмай келген еркіндікті өз еліне сыйлады. Яғни, 1991 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданса, сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Әлем картасында Тәуелсіз ел ретінде орын алған болатын.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың арқасында ел тыныштығын, қоғам тұрақтылығын, ұлттар арасындағы келісімді сақтап келеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі Қазақстанды мекен еткен сан алуан халықтар өкілдерінің жарастығын әлем елдеріне өнеге ретінде ұсынуда. Тарих үшін аз ғана небәрі 30 жыл болған тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды, құрметті де беделді мүшесіне айналып, 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесін үлкен абыроймен атқарды.
Ел экономикасының 2050 жылға дейінгі дамуын қамтамасыз ететін бағдарлама қабылдап, түбегейлі экономикалық реформалар жүзеге асырылып келеді. Бүгін біз еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы мақтанышпен айтамыз. Экономикалық, әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштері мен халықтың тұрмыс деңгейі бойынша Қазақстан бүгінде ТМД елдері арасында көшбасшылық орында тұр және жоғары қарқынмен дамуын жалғастырып келеді.
Елбасымыз бен Мемлекет басшысының халықтар бірлігі мен ынтымағы жолындағы көреген саясатын кеңінен насихаттауда қала әкімдігі жүйелі түрде жемісті істер атқарып келеді. Қаламызда бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, киелі жәдігер қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосуда. Соның нәтижесінде, қаламыз жыл өткен сайын көркейіп, абаттана түсуде.
Осы Тәуелсіздігіміздің арқасында Түркістан шаһары түрленіп, қарыштап дамып келеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей облыс орталығы атанған Түркістанның ынтымақ бірлігі жыл санап беки түсуде. Қасиетті шаһарда жұдырықтай жұмылып, тұрмыс кешуіміз Тәуелсіз еліміздің тұғырының биіктей түскенінің кепілі. Еліміздің өркендеуіне Оңтүстік өңірімен қоса түркістандықтардың да қосқан үлестері қомақты. Экономикасы дамып, кәсіпкерлік саласы күн санап өсе түссе, құрылыс, тұрғын үй бағдарламасына сәйкес жұмыстар қарқынды атқарылуда.
Қаланы шырайландырып абаттандыру ісі бір сәт те дамылдаған жоқ. Қала көшелерін реттеп, оны талапқа сай жөндеу жұмыстары жалғасып, қаламыз көркейіп келеді. Киелі шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Осының бәрі сол ел тәуелсіздігінен бастау алып, қажырлы еңбек пен тиімді саясаттың арқасында қол жеткен дүние. Сол үшін де бүгінгі мерекенің мәні мен маңызы ерекше деп білемін.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
