АТАЛАРЫМЫЗ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ

2  204 көрілім

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойламақ. «Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін Түркістанда туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз.Себебі, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысы болып ашылып, арада көп өтпей, түркі дүниесінің рухани орталығы болып аталуы – бұл өңірдің саяси-экономикалық, рухани, мәдени дамуына серпін береді. Әрі бұл бұған дейін де Алтын Орданың орталығы, Ұлы Жібек жолының төрі атанғанғ екі мың жылдық тарихы бар, көне шаһарымыздың тарихи түрдегі орнын тану һәм қайта жасарып жаңғыруына берілген ғажайып мүмкіндік болып табылады. Соған сай болуы үшін түркістандықтар барлық салада алдыңғы қатарда болуы тиіс.

Тәуелсіздік тәтті сөз. Тарихта өзінің жері, елі, мемлекеттігі жоқ қаншама елдің ері құлдықта, қызы күңдікте жүргендері әлі де баршылық. Тәуелсіздік біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамдас бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата- бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр, ұшқан құстың қанаты талатын алып кеңістікті аманатқа тастап кетуі – бұл бізге қазіргі ұрпақтарға үлкен сын.

Біздің ата шежіреміз ғасырлар бойы Ресей тарихының құрамды бөлігі болып келді, солай хатталды да. Жаңа Тәуелсіздік заманда өз халқымыздың тарихын өзіміз жазып, жаңа егемендік ел, халық тұрғысынан жазуға мүмкіндік алдық. Тарихқа мүлдем басқа қырынан келдік.

Әрине, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерін оқулықтардан оқып білудеміз. Елім, жерім деп жаудан ұлтарақтай жері үшін, небір қазақтың батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды. Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде тұлпар мініп, ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті. Исатай, Махамбеттер патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де, тосылып қарап қалған жоқ. Бұл күрестер азаттық үшін өткен сан күрестің соңы емес еді. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қарсы қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухқа әр кез таңданамын. Аталарымыздың сол қасиеті елге – мұра, ұрпаққа – ұран болып келе жатыр. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғалары, соғыстың қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында Егемендікке қол жеткіздік.

Әсіресе, Желтоқсан оқиғасы біздің жадымызда. Алматының алаңында өткен желтоқсан қырғынының жазықсыз жаласына ұшыраған «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жанкешті жаужүрек студент жастар Қайрат, Ләззат сынды желтоқсанның ызғарында жасаған ерліктері жастарымызға үлгі. Желтоқсанның ызғарына тоңып, тас қараңғы тас қамалда Қайрат ағамыздың жазған өлеңдерін оқығаныңызда өлеңдері «Мен қазақпын» деген әрбір жастың, әрбір адамның, жанына күш-қуат беріп патриоттық сезімін оятары анық. Осыған орай, жыл сайын желтоқсанның 16-да сыныбымызда әрдайым Тәуелсіздікке байланысты түрлі тақырыптарда тәрбие сағатын өткізіп тұрамыз. Қазақстанның болашағы үшін, оның одан әрі дамып, көркейіп, гүлденіп 50 елдің қатарына қосылуына, барынша өз үлесімізді қосып келеміз. Қандай да бір жақсылық болмасын, қиындықпен келетінін білемін. Дегенмен де, қиындықтарға мойымай, әрдайым қарсы тұрып жеңе білу керек. Біз ендігі жерде ата-бабамыз аңсаған ХХІ ғасырға бет алған сәтте жаңа технологияларға негізделген нарықтық экономиканың пайдасын көруіміз керек. Біздің Тәуелсіз ел болғанымызға – 30 жыл. Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Дүниедегі Тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халықта жоқ.

Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз – тек бір ұрпақтың ғана еңбегі емес, барша ұрпақтардың еңбегі. Басты мұрат – қолымызға қиындықпен түскен тәуелсіздік туына мейлінше бекем болу. Тектілердің тұяғы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында халқымыз – тыныштықта, Отанымыз еркіндікте өмір сүріп жатыр. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана – шаһарын тұрғыздық. Елорда бірліктің, ерліктің арқасында қарыштап дамудың айқын дәлелін көрсетті, әрі бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Қазіргі таңда, Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің саяси қақтығыстар мен дау-жанжалдарды бір үстелдің басына отырып, әлем саясаткерлері шеше алатындай дүниежүзіне танылған, салиқалы да сарабдал саяси ортаға айналды.

Қазіргі таңда ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Жастарымыз әлемнің кез-келген елінде білім алуына мүмкіндігі бар. Біз ата-баларымыздың асқан қиындықпен өздерінің жас өмірлерін қиып алып берген Тәуелсіздіктің туын, біздер әрдайым биікте берік ұстауымыз керек. Менің елім – Қазақстан! Осынау құдіретті сөзді біздің елдің әрбір азаматы асқақ сезіммен, ерекше мақтанышпен айта алары хақ.

Марал ШАРИПОВА,

М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы