Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтсақ, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары бойынша Шардара ауданы әкімдігі мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының жыл көлеміндегі тірліктері талқыға салынды.
Алдымен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында аталмыш екі мекеменің атқарған жұмыстарына жүргізілген зерделеу шараларының анықтамасын ортаға салған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы А.Еркінбеков орын алған бірқатар кемшіліктерді тізіп берді. Бұл ретте кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғаларға тиісті шара көрілгенін сонымен қатар, партияның ел тұрмысын түзетудегі басым бағыттарына негізделген жұмыстары жөнінде Шардара ауданының әкімі Қ.Жолдыбай баяндама жасап, алдағы уақытта жұмыстарды одан әрі жетілдіре түсетінін жеткізді. Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев білім саласындағы бірқатар мәселелердің күрделеніп тұрғанын жасырмады. Соның ішінде өңіріміздегі балабақшалардың бүгінгі жай-күйі, ұстаздар қауымының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысындағы әрекеттері, жасөспірімдердің арасындағы қылмыстық ахуал отырыс қатысушыларын бей-жай қалдырмады. Осы аталған мәселелер төңірегінде екінші баяндамашыға қосымша қойылған сұрақтар легі мол болды. Қамырдан қыл суырғандай етіп жауап беруге тырысқан басқарма басшысы өз сөзінде Түркістан облысының аумағындағы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан қанша бала барын қала берді өздері қаржыландырып отырған балабақшалардың санын нақтылай алмағандығын жеткізді. Оған қоса қыс ауасында Түркістан қаласындағы бірқатар мектептердің жылу қазандығын қатты отыннан табиғи газға ауыстырып жатқан себебін бөлінген қаржының осы уақытқа тұспа-тұс келгенімен байланыстырып отыр. Қысқасы, басқарма басшысы Рақымбек Қуатбекұлы аталған мәселелерді шешуге бар қуатын салып келе жатқанын жеткізіп, десе де бір басқармаға білім берумен қатар білім мекемелерінің құрылысымен қоса айналысу едәуір ауыр екенін де жасырмады.
