Түркістан қаласында таяуда сүрілген «Әзиз» базарының сатушыларына қала әкімдігі өзге базардан орын тауып бермек. Бұл туралы Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Алайда, жаңа базардың құрылысы аяқталған жоқ. Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, «Әзиз» базары жолды кеңейту мақсатында сүрілген. Ал, базардағы кәсіпкерлерге қала сыртына салынып жатқан жаңа базардан орын беру көзделген. Бірақ жаңадан салынып жатқан базар құрылысы әлі аяқталмаған.
– Наразылық білдіріп, орын сұраған сатушыларға әзірге бірер айға басқа базардан орын алып бердік. Кейін жаңа базарға ауысады, – дейді Ө.Шөкеев. 150-ден астам азық-түлік, көкөніс сатушы базаршы «Қазпоштаның» артындағы алаңға жайғасқан. Қаз қатар үстелдердің үсті жаймабазарға айналған. Оның санитарлық талабын сақтау ешқайсысының қаперіне кірмейтін секілді. Мұны қала әкімдігі тарапынан қадағалау кемшін.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін «Әзиз» базарындағы 73 сауда орнында 150-ге жуық сатушы жұмыс істеген. Олардың көпшілігі көкөніс сатқан. «Әзиз» базары толық сүрілген. Базарынан айырылған сатушылардың бірқатары іргелес «Қуаныш» базарына орналастырылған. 16 қарашада Түркістан қаласында «Әзиз» базары сүріле бастағаны, ондаған сатушының қарсы шығып, техниканы тоқтатуға ұмтылғаны, оларды полиция қоршап тұрғаны әлеуметтік желіде тарады. Базары сүрілген соң 50-ден астам сатушы Түркістан облысы әкімдігіне барып, үш күн бойы наразылық білдірді.
Заңсыз саудаға жол жоқ! Түркістан қаласы әкімдігінің айтары осы. Әкімдіктің сөзінше, қаланың қақ ортасындағы «Әзиз» базарының маңы аяқ алып жүргісіз. Мұнда заңсыз сауда-саттық белең алып тұр. Бұл облыс орталығына айналған қаланың шырайына селкеу түсіретіні хақ. Сондықтан да әкімдіктегілер базарды қала сыртына көшірмек. Бірақ саудагерлер әкімдіктің бұл шешіміне наразылық танытып, «көшпейміз», – дейді.
20 жылдан бері нәпақасын саудадан айырып отырған Әсем Көшербаева балаларға арналған киім-кешек сатады. Ол әкімдіктегілердің қаланы көркейтуге қатысты қабылдаған шешімін құптайды. Себебі, ретсіз сауданың қала келбетін бұзып қана қоймай, адамдардың да, көліктердің де қозғалуына кедергі келтіретінін күнделікті көріп жүр. Бірақ, әкімдіктің жаңа базарды ашпай жатып, саудагерлерді үйреншікті жайларынан қуып жатқанына қарсы.
– Осы жерде сауда-саттық жасаймын. Жалдау ақысын да уақытылы төлеп тұрамын. Бірақ, Түркістан облыс орталығына айналғалы уайымым күшейді. Әкімдіктегілер «жайма сауда жасауға болмайды» деп қуған соң анда барамын, мында барамын. Сөйтіп, мазам қашты. Қаланың көркеюіне қарсы емеспін ғой. Бірақ, неге осы бірінші базардан бастайды. Көркейтуді, жөндеуді талап ететін басқа да жер бар. Жолды жөндесін, саябақты ретке келтірсін. Жаңа базарын салып берсін. Сосын көшірсін. Ал, қазір базар жоқ.
«Көш-көш» деп бізді «Алтынбұлақ» базарына баруға қинап жатыр. Ал, онда жағдай жасалмаған. Жағдай жасалмай, көшпейміз!, – дейді Әсем Көшербаева.
Мұнда Әсем сияқты белгіленбеген жерде саудасын жүргізіп отырған саудагерлер өте көп. Олар әкімдіктегілер саудагерлерді сергелдеңге салып ары-бері қуа бермей, ережені бәріне ортақ қылуды сұранып отыр.
– Егер де көшіру барлық саудагерге ортақ болып, бәріміз жаппай көшсек онда барамыз, – дейді саудагерлер.
«Тәуке хан» даңғылы жағалай бейбере-кет сауда орындарынан көз ашпай келеді. Салдарынан, осы маңда көлік кептелісі мен жол көлік апаты жиі болады. Мұны ескерген облыс және қала басшылығы осы маңды ретке келтіру жұмыстарын қолға алуда. Дәлірегі, «Тәуке хан» даңғылы бойында белгіленбеген жерде сауда жасай-тын саудагерлер мен сол маңдағы бірқатар ірілі-ұсықты базарлар мен сауда нүкте-лерін қала сыртында бой көтеретін жаңа базарға көшіруді бастады. Әкімдіктегілер-дің жоспары осы. Ал оған дейін сауда нүк-телері заңсыз деп табылған барлық сауда-герлер қаласа да, қаламаса да «Алтын-бұлақ» базарына көшуіне тура келіп отыр.
– «Алтынбұлақ» базарының әкімшілігі-мен келіссөз жүргізілді. Сол жерден 1700 орын бөлініп отыр. Саудагерлер онда 2 ай тегін сауда жасайды. Одан кейін базар әкімшілігімен бекітілген арендасын төлейді. Ал, жаңа базар ашылған соң сонда көшеді. Заңға бағынбағандар 5-10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Ендігі кезекте, саудагерлердің өтініш-тілектерін ескеріп, Қызылорданың аудан-аудандарынан, Ақтөбе, Жезқазған бағытында қатынайтын барлық қоғамдық көліктер мен жүк көліктерінің осындағы автовокзалға тоқтауын қарастырып жатырмыз,-дейді Ө. Шөкеев.
Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдос Кентугаевтың айтуынша, қаланың Бас жоспарына сәйкес, осы «Әзиз» базары болған тұстағы жерден автокөлік жолы түседі де, Тәуке хан мен Ататүрік көшелері қиылысады. Бұл осы көшелердегі автокөлік кептелісін болдырмау үшін жасалып отыр.
Қазірге кезде мұнда құрылыс жұмыстары қыза түскен. «Түркістан Тазалық» МҚК тапсырысымен «Best PRO» ЖШС базардан босаған орынды тазалап, суағар орнатып жатыр екен. Кәсіпорынның бригадирі Розметжан Вахидов таяу арада мұнда жарықтандыру, асфальттау жұмыстары атқарылатындығынан хабардар етті. Бүгінгі күні екі бригадаға ондаған техника тартылған. Барлық абаттандыру жұмыстарын Жаңа жылға дейін аяқтау көзделуде. Осы мақсатта қала сыртында, Қызылорда бағытындағы жолдың оң тұсынан 25 гектар және сол тарапынан 7 гектар жер телімі бөлінді. 25 гектар жерде жаңа базар салынады. Сонда киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті барлық заттар сатылады. Ал, 7 гектар жерде құрылыс материалдары базары түседі. Жоба бойынша әкімдік сол маңға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізіп береді. Ал, көшіп баратын базар әкімшіліктері сатушыларды сауда орындарымен қамтамасыз етеді. Бас-аяғы бұл жұмыстардың барлығы Жаңа жылға дейін аяқталады.
Иса БЕРКІМБАЙ