- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Түркістан облысының дамуы туралы» брифингте республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі белсенділерінің 40-тан астам сұрағына жауап берді. Әлеуметтік желі арқылы 100-ге жуық ұсыныс пен сұрақ түсті. Өмірзақ Естайұлы сұрақтар мен ұсыныстардың бәрін назардан тыс қалдырмай жауап беріп, қоғамға ашық есеп берді.
Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы мен 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы айтты. Баяндамадан кейін спикер журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, өңірді газдандыру, туризм, Түркістан қаласының құрылысы мен болашақ жоспарлары, ауыл шаруашылығындағы жобалар, қуаңшылық, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы болды. Өткір мәселелер қозғалып, нақты жауаптар айтылды.
Сол сияқты БАҚ өкілдерін облыстың жетістіктері де қызықтырды. Түркістанды дамыту бағытындағы жоспарлар да сөз болды. Тікелей және онлайн режимде қойылған сұрақтардың бәріне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев толыққанды жауап берді.
«Елбасымыз Түркістан қаласының туристік орталық ретінде жандануына тікелей қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен қасиетті мекен бүгінде рухани және мәдени, сонымен бірге туризм кластеріне үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дамудың жаңа сатысына көтерілген Түркістанның жаңа мәдени-әлеуметтік және әкімшілік орталығында түрлі ғимараттар бой түзеп келеді. Енді Түркістан түркі жұрты ғана емес, дүние жүзі туристері келетін шаһарға айналды. Осы жетістіктердің бәрін тәуелсіздіктің жемісі деп санаймын», – деген өңір басшысы Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыс жалғасатынын, ауқымды жобалар жүзеге асатынын жеткізді.
Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы, 445 млрд теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды. Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Қала аумағына Жасыл белдеу орнату мақсатында 13 мың га жерге 3,5 млн түп ағаш егіліп, толық газдандырылды.
Түркістан қаласын одан ары қарай дамуының 2-кезеңі 4 аумақта жүзеге асырылатын болады. 1-аумақ – аэропорт аумағына 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. 2-аумақ – Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ.
Сондай-ақ, 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көп бейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы және Ана мен бала орталығы салынады. 3-аумақ – Б.Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га университеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені салынады. 4-аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығының құрылыстары басталып жатыр. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар болып табылады. Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізілетін болады.