Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде «Сәлем саған, Түркістан!» мәдениет және өнер фестивалі аясында Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті.
Шараға зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Аталған жиында қонақтар нан өнімдері көрмесі және «Жанубий Қозоғистон» газетінің шыққаннан бергі тарихын бейнелейтін суреттері мен ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларынан қойылған көрмені тамашалады. Ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының 1-ші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман еліміздегі тыныштық пен этносаралық келісімді сақтауға өз үлесін қосып жүрген басылымның мерейлі мерекесімен құттықтап, редакция ұжымын марапаттады.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» Қалима Жантөреқызы мен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман тәй-тәй басқан ұл мен қыздың тұсауын кесті. Бір қызығы Нұрғалым есімді аяғын тәй-тәй басқан ұл тұсауын кескен соң, алдына қойылған кітап, ақша, шоқпар-дың ішінен гүрзі-шоқпарды таңдады. Бұған жиналғандар ризашылығын білдіріп, елтұтқа батыр болатын бала екен десті. Бұл бала ХҚТУ доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлсара Тоққұлованың немересі болып шықты. Келіні Айгүлдің сегізінші перзенті екен.
– Бүгін міне осындай күн де шуақты болып тұр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Жанубий Қозоғистон» газетінің мерейтойлары қатар келіп тойлап жатырмыз. Немеремнің тұсауын да кестіріп, қуанып тұрмын. Құдай бұйыртса шоқпарды қолына алып, ешкімге бермеуінен үлкен үміттіміз. Тәуелсіздігіміздің тірегі осылар болады ғой,-дейді Гүлсара Тоққұлова.
Іс-шарада қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты, бірлік пен бейбітшілікті дәріптеп, тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген басылымның бірқатар қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакторы Әлішер Сатыбалдиевке соңғы үлгідегі компьютер сыйлады. Олардың қатарында Шамырза Мадалиев «Жанубий Қозоғистон» газетінің Түркістан, Кентау қалаларындағы меншікті тілшісі қызметін 30 жыл атқарған екен.
Шара барысында ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеу мақсатында тұсаукесер салты насихатталып, киіз үйдің жабдықталуы, ұлттық тағамдар «Ет асу» және «Палау-fest» әзірлеу бойынша арнайы байқау ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздарына арнайы қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.