Еліміздің бірнеше қаласында Ресейде тіркелген автомобиль иелері мамандандырылған ХҚО алдына жиналып, өздерінің талаптарын билікке жеткізді.
Түркістан облыс мәртебесін алғалы жеке иеліктегі көліктер саны еселеп өскендігі байқалады. Тұрғындардың барлығының жаңа көліктерді сатып алуға қаржысы жоқ. Сондықтан нарықта арзандау түсетін Ресей көліктерін сатып алушылар көп. Оны рәсімдеу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсуде.
Осыған байланысты ІІМ арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, жүргізушілердің қойған талаптарына қатысты жауап берді.
«Иә, бүгін автомобиль иелерінің жиналғаны рас. Олар көліктерінің мамандандырылған ХҚО-да расымен тіркелгеніне көз жеткізгісі келді. Және жиналғандарға ресейлік көлікті ел аумағында тіркеуге қатысты түсіндіру жұмысы өтті. Бұл жерде Қазақстанға әкелінген әрбір ресейлік автокөліктің мәселесін жеке қарастыру керек. Және біз өз тарапымыздан көмек, қолдау көрсетуге әзірміз.
Еліміздің қай бұрышында болса да, тіркелмеген көлік иесі не істеу керектігін жергілікті полиция қызметіне жүгініп біле алады.
Осы орайда Қазақстанда заңды тіркелмеген көлік иелеріне айтарымыз, оның ішінде ресейлік нөмірлі автомобильдер де бар, көліктеріңізді ресми тіркеңіздер», – деп жауап берді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Лауазымды тұлғанының айтуынша, Ресейден тіркеуден шыққан соң, Қазақстанға да тіркелмеген көліктер бар болып шықты. Заң жүзінде екі елде де тіркелмеген ресейлік көліктер Қазақстанда қозғала алмайды. Ал, олар тақтайдай тегіс жолда жүйткіп жүр. Шетелде тіркелген көліктер бойынша 2019 жылы және 2020 жылы Армениядан келген көліктерді есепке алу бойынша қаралар қабылданған болатын. Қазіргі таңда азаматтарды алаңдатып отырған мәселе тіркеусіз көліктердің пайдаланылуы мен ресейлік тіркеуден шыққан 88 мың көлік бойынша болып отыр.
«Қазақстанға шетелден келген көліктерге зерттеу жүргізген кезде байқағанымыз, көлік Ресей шекарасынан шығарылған соң сол жақтағы иесі тіркеуден алып тастайды. Мысалы, азаматтар Ресейде тіркелген көлікті сатып алады. Ал Қазақстанға өткенде ол Ресейдегі тіркеуден алынады,- деді С.Түсіпов.
Ол атағандай, осылайша, көлік ешбір елде тіркелмей «ауада» қалып қояды. Ал, заң және барлық халықаралық норма бойынша қозғалысқа жіберілетін көліктер тіркелуі керек. Яғни, көліктер тым болмағанда екі елдің біреуінде тіркелуі керек. «Біз деректерді сұрастырғанда Ресейдегі тіркеуден қазақстандықтар сатып алған 88 мың автокөлік тіркеуден алынғаны белгілі болды. Оларды пайдалану үшін есепке алып, тіркеу керек.
Қазір 88 мың көлік бойынша әкімшілендіру жұмысы жүзеге асырылып жатыр. Ал тағы 130 мың көлік Ресейде тіркелген.
Олар Қазақстан шекарасында қозғала алады. Бірақ барлық растайтын құжат болуы керек, – деді Серік Түсіпов.
Қазір қазақстандық есепте 4,2 млн техника бірлігі тіркелген. Ресейдің ішкі істер министрлігіне сақтандыру компанияларының мәліметтер деректерінен Қазақстанда пайдаланылатын көліктер тізімін жібергенде бізге 606 автокөлік РФ-тің ІІМ криминалдық іздеуінде жүргені туралы жауап келді.
Ондай автокөліктерді сатып алғандарға жеке мүліктік және құқықтық қауіптер бар. Олар сатып аларда көліктің ұрлануына қатысты ма деген мәселе көтеріледі. Ол Қазақстанға қалай келгені де анықталады. Қайткен күнде де мұндай көліктер кері қайтарылады,- деді Түсіпов.
Бүгінгі таңда ІІМ қаржы институттарымен бірлесіп ең танымал мемлекеттік қызметтердің бірі – автокөлікті сату және қайта тіркеу Halyk Bank және Kaspi.kz мобильді қосымшаларына шығарылды. Бүгінгі күні елдегі барлық қайта тіркеулердің төрттен бір бөлігі осы банктік қосымшалар арқылы өтеді (күн сайын 2,7 мыңнан астам).
Бұл қызмет сондай-ақ 102 мобильдік қосымшада іске асырылатын болады.
Түркістан қаласының полицейлері көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
«Соған қарамастан жыл басынан бері қалада жүргізушілердің салғырттығы салдарынан 42 жол-көлік оқиғалары орын алып, 6 адам қайтыс болды. Қазіргі кезде Түркістан облысында шамамен 8 мыңға жуық автокөлік тіркеуден өтпеген болса, Түркістан қаласында ешжерде тіркеусіз 2682 ресейлік автокөліктер жүр. Олардың кейбіреуі амортизациялық пайдалану тозығы жетуіне байланысты тіркеуден мүлде шығарылған көліктер.
Ең қауіптісі – еш жерде тіркелмеген автокөліктер ортақ базада жоқ. Автокөлік апатын жасап, сол жерден қашып кететіндері бар. Бұл өте қауіпті құбылыс!, – дейді Түркістан қалалық ПБ бастығының орынбасары Шалбай Меңдібаев.
Сейсенбіде Түркістан облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастамбеков әлеуметтік желі арқылы брифинг жасап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алмасхан Тастамбековтің айтуынша, ҚР ІІМ барлық облыстарға Қазақстанда тіркелмеген 88 мың ресейлік көліктер туралы мәліметтерді таратқан. Соған байланысты осы көліктерді оңтүстік өңірден іздестіру жұмыстары басталды. Қазір облыс аумағында ешқайда тіркелмеген он мыңға жуық көлік жүр.
«Түркістан облысында 600 мыңға жуық көлік болса, 10 мың ресейлік көліктер тіркеусіз жүр. Түркістанның өзінде үш мыңға жуық көлік ешқайда тіркелмеген. Соған қарамастан апатты жағдайлардың 20 пайызын, қайтыс болғандардың 25 пайызын осы көлік иелері жасағандығы байқалды.
Сондықтан барлық тіркелмеген көліктерді он күн ішінде тіркеу қарастырылады. Болмаса айыптұраққа қойылады. Қауіпсіздік сертификатын, техникалық құжатын ала алмаған ескі көліктер иесіне қайтарылып, бөлшек саудаға шығарылады».
Түркістан облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастамбеков жол полициясының тұрғындармен барлық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әзір екендігін, егер де полиция қызметкері дөрекілік көрсетіп, көлікті тіркеуден бас тартып, сөзбұйдашылыққа салатын әрекеттері болса басшылыққа кез-келген уақытта хабарласуына болатындығын жеткізді.
Барынша арзан болғандықтан түркістандықтардың дені көліктерін Ресейден алып келгендігін айтсақ та жеткілікті. Тұрғындардың қауіпсіздігін ойлаған полиция қызметкерлері жедел түрде заңсыз көліктерді іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Көліктің жағдайы қандай болғанда да, ресми тіркелмеске болмайды. Полиция айыптұраққа алып кетпей тұрғанда тіркеліңіздер.
Ескендір ЕРТАЙ