Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» драмасының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Драманы Райымбек Сейтметов сазды-драма театрының сахнасына халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығының лауреаты Қуандық Қасымов шығарды.
Бұл қойылымда қырғыз елінің ұлттық философиясы көрініс тапқан. Қойылым желісі қырғыз елінің мақтанышы Құрманжан Датқа туралы өрбиді. Тағдыр таразысына түскен датқа…
Құрманжан Датқа тағдырымен бетпе-бет жолыққан түнде, таразы басының қай тұсын таңдар екен…
Өзегін жарып шыққан ұрпағының жалғасы, туған перзентін бе? Жоқ, әлде өзін дүниеге әкелген қырғыз елін бе?
Тайталас өмір бір тәулікте ғана өтетін жұмбақ сырларымен классикалық үлгі ретінде қабылданады.
Бұл қойылым автордың айтуынша, бұған дейін Лондон, Мәскеу, Тегеран сахналарында көрініс тапқанымен бүгінгі Райымбек Сейтметов театрындағыдай шынайы, табиғи, актерлердің өз рөлдерін шын беріліп ойнауы болған емес.
– Мен қатты толғанып отырмын. Түркі дүниесінің түп төркіні атанып отырған Түркістандағы Райымбек Сейтметов драма театры актерлерінің шынайы шеберлігі мен кәсіби таным-түсініктеріне таң қалып басымды иемін. Бәрі керемет. Өте қуаныштымын. Қуандық Қасымов досыма шексіз рахмет. Түркістан шәрі түркі дүниесінің борборы. Мұны президент апрельде Саммитте жариялады. Мен оған толық қосыламын. Түркі халқына ақ адал қызмет етуге дайынмын. Райымбек Сейтметов театрын өте жоғары бағалаймын. Өте ризашылығымды білдіремін,-дей келіп, Қырғызстанның халық жазушысы, Түркі Кеңесі төрағасының орынбасары Сұлтан Раев театр директорына Түркі Кеңесінің символын тапсырды.
Қойылымның қоюшы режиссері Халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығының лауреаты Қуандық Қасымов өз кезегінде актерлерге Құрманжан Датқаның рөлін ойнаған Алмагүл Үндемесова, Гүлзада Айтбаева,Тағдыр рөліндегі Айдар Наурызбаев, Шәкен Амантуров, періштелер Камшат Аштекова, Әсел Қожабекова, Ақбота Құрмаштарға ерекше алғысын жеткізді.
Театрдың көркемдік жетекшісі Айдар Наурызбаевтың айтуынша, қазан айында Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының жеті қойылымын қала жұртшылығы тамашалады. Оның ішінде «Бір қазаққа бір қатын», «Сергелдең болған серілер», «Келіндер көтерілісі» комедияларын, «Махаббат қызық мол жылдар», «Махаббат аралы» драмалары мен «Жүрейікші жүрек ауыртпай» атты трагикомедия қойды.
Ал, мына тұңғыш рет тұсаукесері өткізілген «Ханшаның көз жасы» осы драмалардың ішіндегі шоқтығы биік болып қана қоймай, төсекте басы, төскейде малы қосылған қазақ-қырғыз елінің салт-дәстүрі, мұң-мұқтажы да бір болғандықтан өзара түсіністік тауып, ғажайып көркем шығарма дүниеге келді.
– Бұған дейін де АҚШ-тық «Өкінішті өмір», ресейлік Коробиннің «Тәтелер», Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымдары жалғасып келеді. Әсіресе, балаларға арналған ертегілерді әбден үйренген ата-аналар бірге келіп тамашалайды. Енді жаңадан құрылған облыстық Түркістан телекомпаниясымен келісім-шартқа отырып спектаклдердің теленұсқаларын да жарыққа шығара бастадық,- дейді театрдың көркемдік жетекшісі Айдар Наурызбаев.
«Ханшаның көз жасы» қойылымын тамашалаған қала жұртшылығы мен қонақтары атақты драматург, Қазақстанның халық жазушысы, «Соцалистік Еңбек Ері» Ғабит Мүсірепов айтқан «Театр- хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген қанатты пікірінің шынайылығына тәнті болды.
Ескендір ЕРТАЙ