ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ҰҚЫПТЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

718 көрілім

    Қазан айының 26 жұлдызы күні қаламыздағы Шауғар мөлтек ауданы (Ортақ), Темірлан көшесінде газ жылу жүйесінен ақау пайда болып, нәтижесінде бір отбасыда қайғылы жағдай орын алған еді. Осы жағдайға байланысты және жылыту маусымының басталуына орай Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі және иісті газдан уланудың алдын алу бойынша қала тұрғындарының арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

    Арнайы топ құрамында Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы, Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері, газ инспекциясының мамандары болды.

    Шара барысында аталмыш құрам топ-топқа бөлініп, Шауғар мөлтек ауданындағы 6 көше тұрғындарына жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру іс-шараларын жүргізді. Атап айтсақ, мамандар үйлерді жылытуға арналған газ жабдықтарын, газ құбырларының дұрыс монтаждалуын, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауын тексерді, тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді, газ жабдығын дұрыс пайдалану туралы жадынамалар таратты. Ал газ қызметінің өкілдерінің айтуынша, жылыту жабдықтарының техникалық жай-күйін үнемі тексеру қажет, себебі, пәтер немесе үй ішіндегі жылыту құралдарының ақауына меншік иелері жауап береді.

     Элмира Абилова, Еркін Бабаев көшесінің №99 үйдің тұрғыны: – Бүгінгі рейд қарапайым халық үшін өте қажет және пайдасы мол деп есептеймін. Өйткені, бүгінде көпшілік тұрғын табиғи газды пайдаланып отыр. Бетін аулақ қылсын, газ жүйесінен ақау шықса оқыс оқиға болуы әбден мүмкін.

    Ендеше «Сақтансаң, сақтаймын!» қағидасын ұстанып, жылыту маусымында әрбір қала тұрғыны жауапкершілікті терең сезініп, сақтық шараларын күшейтуі қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы