БАТАГӨЙ АҚСАҚАЛҒА БАЙТҰРСЫНОВ МЕКТЕБІНЕН СЫНЫП АШЫЛДЫ

1  621 көрілім

Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицей ұжымының ұйымдастырумен қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, фольклоршы, түркітанушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі, аудармашы, публицист, ағартушы – Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «Тұлға тағылымына – тағзым» атты іс-шара өткізілді. Оған қаланың зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.


Жиын барысында, ағартушының өміріне арналған сыныптан тыс ашық сабақтар өткізілді. Баяндама мен бейнефильм, сахналық көріністер және «Біз біргеміз» атты концерттік бағдарламалар жасалды.


Іргетасы 1898 жылы қаланған білім ордасы 123 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Үш ғасырды қамтыған, терең тарихы бар мектеп қабырғасынан елімізге танымал, абыройлы азаматтар түлеп ұшқан. Солардың бірі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, республикалық батагөй, абыз-ақсақал, қаламгер Әбдібек қажы Абылайұлы Бейсеновтің осы мектепті бітіргеніне 66 жыл толып отыр.


Түркістан қалалық адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының айтуынша, республикаға танымал ақсақалдың мектеп бітіргеніне 66 жыл толса, бір қызығы осы мектептің де сыныбы 66 болып шықты. Соған орай, биылғы жылы мектепке тұңғыш қадам басқан бүлдірішіндердің бір сыныбын түгелдей Бейсеновтер әулеті жарақтандырып берді.
Кенересінен 10 ұл-қыз, 36 немере-жиен, 40 шөбере өрбітіп отырған «Дала ғалымы», «Дала агрономы» атанып кеткен Әбдібек атаға аталмыш мектептен бастауыш сынып кабинетінің ашылу салтанаты өткізілді. Жиынға қатысушылар сыныпты тамашалады. Ғалымдар отбасы атанған жанұяда 3 ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер (профессор, доцент, аға оқытушы). 10 перзенті мен 22 немересі жоғары білімді және олардың бірқатары магистр болса, 3 немере мен 2 шөбересі студент.
Жиынға облыстық және қалалық білім саласының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар, құрметті қонақтар мен журналистер қатысып өз пікірлерін білдірді. Түркістандағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1-ші жаңа мектепте өткізілген шараның қала өміріндегі рухани және мәдени жетілудегі маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.
Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы