ОРДАБАСЫ АУДАНЫ САУРАН АУДАНЫНА ЕРЕКШЕ ТАРТУ ЖАСАДЫ

1  221 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Сауран ауданы құрылып, қарамағына 12 ауылдық округ енген болатын. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын қолдау мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі ашылып, осыған орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сауранға тарту» жобасы басталған болатын. Бүгінде осы жоба қолға алынып, Бәйдібек ауданы мен Кентау қаласы ауданға арнайы концерттік бағдарламар қойып өз сый-сияпатын сыйласа, кезекті эстафетаны Ордабасы ауданы қабыл алып, жаңа ауданға өз тартуымен келді.

Мерекелік іс – шара ауданға қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің мәдениет үйінде өтті.  Шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Қадырбаев және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Жанадилов, Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Пернебекұлы мен Сауран ауданының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен оқушылардың жасаған роботтары да көрмеге қойылды. Ордабасылық мектеп оқушыларының роботехниканы меңгеруде жасаған роботтары көрменің көркін келтірді. Роботтардың ішінде ең көзге түскен робот – сенсорлық жүйе арқылы антисептик таратады. Онымен қоса, көрмеде Ордабасы ауданының тумасы қазақ халқының тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай өлкетану музейінің жәдігерлері көрмеге қойылды.

Ордабасы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ жаңа ауданға Ордабасы ауданы ерекше тарту дайындағаны жайлы сөз қозғады:

– Бүгін үш жүздің басын қосқан, киелі Ордабасы төрінен, Сауран ауданының тұрғындарын құттықтап, өз тартуымызбен келіп отырмыз.  Арнайы концерттік бағдарлама мен оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып отыр, біздің мақсатымыз аудан арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту. Сол себепті облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы жобаны қолға алып, өз тартуымызды жасап келдік.- деді Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімі басшысы Әділ Ысқақ Пернебекұлы.

Сонымен қатар, шарада Сауран ауданының бөлім басшылары ұлттық оюмен өрнектелген костюм киіп,   Ордабасы ауданының ішкі саясат бөлім басшысына арнайы челлендж жолдады. Челлендж мақсаты мемлекеттік қызметкерлер алдағы мерекелік шаралар барысында ұлттық ою өрнекпен өрнектелген костюм киіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, деп түсіндірді Сауран ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Жанадилов.

Мәдени іс-шараның жалғасы арнайы концерттік бағдарламамен ұласты. Ордабасылық өнерпаздар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Жиында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Қадырбаев, Ордабасы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ Пернебекұлына арнайы алғыс хат табыстады. Онымен қоса, Ордабасылық меймандарда «Ордабасы монументі» бейнеленген картинаны аудан басшылығына тарту етті.

Ұлпан АБДІРАХМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы