Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Тілші және тіл мәдениеті» тақырыбында облыстық семинар өтті. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің сапасын арттыру, телеарналар мен радио, газет, әлеуметтік желілерде тіл мәдениетін дамыту мәселелеріне арналған жиынға облыс көлеміндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.
Жиынды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры Бекжігіт Сердәлі шұрайлы ой иірімдерімен пайымды жүргізіп отырды.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Исабек Нұрдаулет жиынды ашқан кіріспе сөзінде: «Түркістан облысының мәдениет басқармасы тілдерді дамыту саласындағы жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыста латын әліпбиін көпшілік арасында насихаттауға бағытталған «Тіл – болашақ есігі» атты арнайы жоба әзірленіп, іске асырылуда.
Жобаның мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа емле ережесінің құрылымы мен ерекшеліктерімен таныстырып, насихаттау және тыңдаушыларға жаңа қазақ әліпбиі мен ағылшын тілін үйрету. Облыстағы тілдерді оқыту орталықтарында арнайы курстар ұйымдастыру жоспары бекітіліп, оқыту жұмысы басталды,- деп, алдағы уақытта латын графикасына өту барысында атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталып, БАҚ өкілдерінің латын әліпбиін халыққа дұрыс жеткізуде алар орындары ерекше екендігін айта келе, «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, латын әліпбиін халыққа дұрыс жеткізуге атсалысуға шақырды.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, филология ғылымының докторы Сейдолла Садықов «Рухани жаңғыру аясындағы қазақ журналистикасы» тақырыбында баяндама жасап, онда журналистика саласының майталманы: «Сөйлеу, жазу мәдениетінен ада тілшілер көбейді»- деген өзекті ойын ашына жеткізді.
Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы, журналист Ғабит Сапарбеков «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, келелі ой-пікірлерін ортаға салды.
– Соңғы кездері «орын алды» деген тіркес өте жиі қолданылады. Әлбетте орын алды сөзін спорт саласымен байланыстырамыз. «Үшінші орын алды, екінші орын алды» дегендей. Бірақ біздің ақпарат құралдарымызда оқиға орын алды, жанжал орын алды, мәселе орын алды, жарылыс орын алды деген сөздер өте көп кездесіп жатыр. Соны «орын алдырмай», оқиға болды, жанжал болды деп қарапайым әрі түсінікті тілде айтуға болады-ақ. Ізденіс пен көп оқымағанның салдарынан сөзді олқы-солпы пайдаланатындар көбейді. Орыс тілінен тікелей аударылған сөздер молайды. Қазір ресми сайттар мен ақпарат құралдарында «Үстіміздегі жыл», «ағымдағы жыл» деген тіркестер жиі қолданылады. Ал бұл сөздерді осы жылы немесе биыл дей салуға болады. Әйтпесе, қолына енді қалам ұстаған жастар «Үстіміздегі жыл» болған соң, «астымыздағы жыл» да бар болады деп ойлауы мүмкін ғой. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі «керек» сөзіне қосымша жалғайтындар кездесіп қалып жүр. Яғни «керек» сөзіне «керек-пін», «керек-сің», «керек-піз» деген үлгідегі жіктік жалғау қосылады. Бұл да кемшілік. «Оны білу керекпіз» деп айтылып жүр. Бұл дұрыс емес. Дұрысы – «Оны білуіміз керек». Қазір телеарналар мен сайттарда, газеттерде осы қателік жиі қайталануда,-деп журналист Ғабит Сапарбеков бірқатар ақпарат құралдарында орын алған кемшіліктерге тоқталып өтті.
Баяндамалар тыңдалып қана қоймай, талқыланып, жиынға қатысушылардың өздерін толғандырған сауалдарды қоюларына септігін тигізіп, оған тұщымды жауаптар алынды. Жиын соңында өзекті ой-пікірлерін айтып, белсенділік танытқан қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар тапсырылды.
Пікірталасқа қатысып өз ойларын білдірген мамандардың қай-қайсысы да қазақ тіліне қатысты түйінді мәселелерді қозғады. Баспасөз беттерін мағыналы, шұрайлы, ойлы, мәдениетті дүниелермен толтырып, елге игі қызмет етіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мағыналы санада өткен жиын жалғасын тапса,-деген игі ойда тарқасты.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».